Елордалық жас түлектерге мейрамханада мектеп бітіру кешін өткізуге тыйым салынды
Бұл туралы Астана қаласы коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте қалалық Білім басқармасы мен Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz
Білім басқармасы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығына сәйкес мейрамханаларда, кафелерде және өзге де ойын-сауық орындарында бітіру кештерін өткізуге жол берілмейтінін еске салды. Аттестат тапсыру рәсімдері тек мектеп қабырғасында ұйымдастырылуы тиіс.
Бұл талаптар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, құқық бұзушылықтар мен жазатайым оқиғалардың алдын алуға, сондай-ақ ата-аналарға түсетін қаржылық жүктемені азайтуға бағытталған.
Сонымен қатар мерекелік дастархан жаюға, автокеруен ұйымдастыруға, аниматорлар мен агенттіктерді тартуға, мұғалімдер мен мектеп әкімшілігіне сыйлық алу үшін ақша жинауға тыйым салынады. Әлеуметтік теңдікті сақтау мақсатында түлектерге мектеп үлгісіндегі киім кию ұсынылды.
Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Білім басқармасы Полиция департаментімен және аудан әкімдіктерімен бірлесіп, бітіру іс-шаралары кезінде тәулік бойы рейдтік жұмыстар жүргізеді.
Айта кетейік, 25 мамырда Астана мектептерінде 2025-2026 оқу жылы ресми түрде аяқталады. Биыл 9-сыныпты 24 мыңнан астам, 11-сыныпты 16 мыңнан астам түлек тәмамдайды. Олардың ішінде 1 202 оқушы үздік аттестатқа, ал 650 оқушы «Алтын белгіге» үміткер.
Білім басқармасының мәліметінше, елорда мектептерінде «Адал азамат» тәрбие бағдарламасы аясында «Білімім – Отаныма!» тақырыбында бірыңғай сынып сағаттары өтеді. Оның мақсаты – оқушылар арасында патриоттық құндылықтарды нығайту, заңға құрметті қалыптастыру, ұлттық дәстүрлерді дәріптеу және азаматтық жауапкершілікті арттыру.
Бұған дейін Астанада оқу жылының қорытындысы мен балалар қауіпсіздігі пысықталғанын жазғанбыз.