Қазақстанның астық пен ұн экспорты 13 пайызға ұлғайды
Экспорт көлемінің өсуі Орталық Азия елдері мен Ауғанстан бағыттарында байқалды, деп хабарлайды Elordainfo.kz АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы мәліметінше, 2025 жылғы қыркүйек айынан 2026 жылдың 20 мамырына дейін астық пен астық баламасындағы ұн экспортының көлемі 11,7 млн тоннаға жетті. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 13,6%-ға көп.
Атап айтқанда, Өзбекстанға экспорт 39,5%-ға артып, 3,5 млн тоннадан 4,8 млн тоннаға жетті. Қырғызстанға жеткізілім көлемі 1,5 есеге өсіп, 297 мың тоннадан 457 мың тоннаға дейін ұлғайды.
Сондай-ақ Ауғанстан бағыты бойынша айтарлықтай өсім тіркелді, экспорт көлемі 2,3 есеге артып, 1,3 млн тоннадан 3 млн тоннаға жетті. Түрікменстанға экспорт 47,7%-ға ұлғайып, 130 мың тоннадан 192 мың тоннаға дейін өсті.