«Заң мен тәртіп»: Астанада алимент өндіру бойынша шаралар күшейтіліп жатыр
Кәмелетке толмаған балалардың құқықтарын қорғау – прокурорлық қадағалаудың басым бағыттарының бірі, өйткені алименттің уақытылы төленуі балалардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделеріне тікелей байланысты. Қаланың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы прокуратурасының Атқарушылық іс жүргізудің заңдылығын қадағалау басқармасының прокуроры Серік Бегежанов осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Спикердің айтуынша, алимент бойынша берешектің пайда болуының негізгі себептерінің бірі – борышкерлердің міндеттемелерді орындаудан жалтаруы, кірістерін жасыруы, сондай-ақ ресми жұмыспен қамтылмауы. Борышкерлер алимент төлеуден жалтарады, табыстарын жасырады және жиі қаражаттарын құмар ойындарға жұмсайды.
Сонымен қатар борышкерлердің алынатын табыстарды жасыру мақсатында электрондық ақша жүйелерін (электрондық әмияндарды) пайдалану фактілері анықталды. Осыған байланысты, балаларды асырап-бағу жөніндегі міндеттерін орындаудан қасақана жалтаратын борышкерлерді жауапкершілікке тартуға ерекше көңіл бөлініп отыр.
Жалпы, соңғы 5 жылда 667 борышкер әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ борышкерлердің жасырын кірістерін анықтау және оның алдын алу мақсатында атқарушылық өндірісті цифрландыруға және ведомствоаралық өзара іс-қимылды кеңейтуге бағытталған шаралар басталды.
«Борышкерлердің табыстары мен мүлкін, оның ішінде цифрлық платформалар, электрондық сервистер және табыс алудың басқа да заманауи тәсілдері арқылы алынатын табыстарын жедел анықтау үшін ақпараттық жүйелерді интеграциялау мәселесі белсенді түрде ілгерілеуде. Бұл шаралар мемлекетті ауқымды цифрландыру және «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жүзеге асырылуда. Аталған шаралар алимент өндірудің тиімділігін арттыруға, табысты жасыру мүмкіндіктерін азайтуға және балалардың құқықтарын уақытылы қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді спикер.
Прокурор алимент төлемегені үшін әкімшілік және 2 жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейінгі қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.
Цифрлық технологияларды енгізумен қатар, табысты бақылап қана қоймай, алименттік міндеттемелердің орындалмау себептерімен жүйелі жұмыс істеуді көздейтін жаңа форматтағы жүйені енгізу ұсынылып отыр. Алимент төлемеу жағдайларының айтарлықтай бөлігі тек экономикалық қана емес, сонымен бірге психологиялық сипатқа да ие. Бұл ретте, алименттік міндеттемелерді орындау мәселесі әлеуметтік-психологиялық факторларды ескермей, көбінесе тек атқарушылық өндіріс призмасы арқылы ғана қарастырылады.
Спикер алимент бұл жай ғана ресми міндет емес, ата-ананың өз балаларын асырап-бағу және олардың әл-ауқатын қамтамасыз ету үшін заңмен белгіленген жауапкершілігі екенін баса айтты. Әрбір бала лайықты жағдайға құқылы және мемлекет бұл құқықтарды қорғау үшін заңда қарастырылған барлық шараны қолданады.
Еске сала кетейік, елордада балалар арасында хоккей турнирі өтті.