Алматыда Әл-Фараби даңғылында болған резонансты жол апатына қатысты іс бойынша алдын ала сот отырысы 28 мамыр күні өтетін болды. Бұл туралы қаза тапқан 29 жастағы Mercedes жүргізушісінің туыстарының адвокаты Олег Чернов мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Сотқа дейінгі тергеу аяқталды, енді іс сотта қаралады. Ішкі істер министрінің және Президенттің тапсырмасы – ең қысқа мерзімде орындалды. Алдын ала отырыс 28 мамыр күні сағат 15:00-де Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтеді», – деді Олег Чернов.
Еске салсақ, Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Алматыда болған адам өліміне әкелген жол апатына қатысты жағдайдың ерекше бақылауда екенін айтқан болатын.