Еліміз аусылға қарсы вакциналанған таза аймақ мәртебесін алды

Бүгін, 16:25
Думан Аманжол Думан Аманжол
Еліміз аусылға қарсы вакциналанған таза аймақ мәртебесін алды
Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі

Парижде өткен Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының (WOAH) 93-ші Бас сессиясында ұйымға мүше елдің делегаттары Қазақстанға аусылға қарсы вакциналанған таза аймақ мәртебесін беру туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Elordainfo.kz

Ресми сертификат бүгін Қазақстан делегациясына табысталды. Осылайша, WOAH халықаралық стандарттарына сәйкес, еліміздің бүкіл аумағы аусыл ауруынан таза деп танылды. Атап өтерлігі, Шығыс және Орталық Азия елдерінің ішінде Қазақстан ғана осындай мәртебеге ие болды. 

«Қазақстан халықаралық деңгейде мойындалған эпизоотиялық қауіпсіздік жүйесін дәйекті түрде нығайтып, ұлттық ветеринариялық қауіпсіздіктің деңгейінің жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр. Бүгінде еліміздің бүкіл аумағы аусылға қарсы вакцинацияланған таза халықаралық аймақтармен қамтылды. Бұл ел үшін үлкен жетістік. Сонымен қатар Қазақстан жыл сайын африкалық жылқы обасы мен классикалық шошқа обасы бойынша да қауіпсіз екенін дәлелдеп келеді, сондай-ақ WOAH талаптарына сәйкес құс тұмауының жоғары патогенді түрі мен африкалық шошқа обасына қатысты өзіндік декларацияларын тұрақты түрде қолдап отыр», – деді Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.

Министрдің айтуынша, бұл мәртебе Қазақстанның халықаралық беделін нығайтып, шетелдік сауда серіктестерінің сенімін арттыруға және отандық мал шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін кеңейтуге жол ашпақ. Сондай-ақ сессия аясында Айдарбек Сапаров ұйымның Бас директоры Эммануэль Субейранмен кездесті. Ол Қазақстан ветеринариялық қызметті дамытуда, WOAH халықаралық стандарттарын енгізуде және Орталық Азиядағы өңірлік өзара іс-қимылды нығайтуда жүйелі әрі дәйекті тәсіл ұстанып отырғанын атап өтті.

Айта кетейік, Айдарбек Сапаров WOAH министрлік дөңгелек үстелі мен Бас сессиясында сөз сөйлеген Орталық Азия елдері арасындағы жалғыз ауыл шаруашылығы министрі болды.