Семейде көпқабатты үйдегі бір пәтерден 10 «КамАЗ» қоқыс шығарылды
Семей қаласында полиция қызметкерлері коммуналдық қызмет өкілдері және еріктілермен бірігіп, көпқабатты тұрғын үйдегі пәтердің бірін қоқыстан тазартты. Пәтерден шамамен 10 жүк көлігі толы қоқыс шығарылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Абай облысы Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Пәтердің антисанитариялық жағдайда екені, жағымсыз иіс шығатыны және өрт шығу қаупі туғаны жөнінде тұрғындардан көптеген шағым келіп түскен. Полиция қызметкерлері шағым негізінде пәтерді тексеруге барды. Олар ішке кірген кезде бөлмелерде ұзақ жылдар бойы тұрмыстық қалдық жиналғаны, ескі қажетсіз заттарға және пакеттер толы екенін анықтады.

Полициядан FSM Social қосымшасы арқылы келген хабарлама бойынша аталмыш пәтерге мобильдік топтар көмекке келді. «Семей жастары» және «Ана үйі» қоғамдық қоры өкілдері, Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссия мүшелері, мектеп басшылығы және Семей қаласының полиция өкілдері келіп, қоқысты сыртқа шығарды.

Пәтерден шамамен шығарылған қалдық 10 «КамАЗ» жүк көлігіне салынып, қоқыс полигонын жеткізілді.
Полиция қалдықтың пәтерге қалай жиналып қалғаны туралы мәліметпен бөліспеді.

Еске салсақ, Астанада «Жасыл ел» жасағының белсенділері «Алматы» ауданының қар полигоны аумағын қоқыстан тазартты.