Астанада полицейлер 6 мыңнан астам қару иесіне тексеру жүргізді
Астанада қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, қару мен оқ-дәрілердің заңсыз айналымына байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алуға және жолын кесуге бағытталған «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Іс-шара аясында полиция қызметкерлері тіркелген қару иелерін тексеріп, қаруды сақтау қағидаларына ерекше назар аударуда.
Сонымен қатар қару мен оқ-дәрілерді заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау, беру және өткізу фактілерін анықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде.
«ЖПІШ басталғалы бері полиция қызметкерлері азаматтық қарудың 6 мыңнан астам иесін тексерді.
Осындай тексерулердің бірі барысында полицияға тапанша мен тұрғын үйге қатысты құқық белгілейтін құжаттардың жоғалғаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына барған полиция қызметкерлері тексеру жүргізіп, құжаттардың жоғалғаны туралы ақпараттың расталмағанын анықтады.
Сонымен қатар үйді қарау кезінде бөлмелердің бірінің еденінен сыртқы белгілері бойынша тапаншаға ұқсас зат табылып, тәркіленді», - делінген хабарламада.
Анықталғандай, тәркіленген зат ИЖ-77-8 маркалы газ тапаншасы болған. Аталған дерек бойынша қару иесі Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 482-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Астана қаласының Полиция департаменті қару иелеріне қаруды сақтау қағидаларын қатаң сақтауды және қару мен оқ-дәрілердің жоғалуы немесе табылуына байланысты кез келген жағдай туралы полицияға дер кезінде хабарлауды ескертеді.
Еске сала кетейік, елордалық полицейлер танысын 8 млн теңгеге алдаған күдіктіні ұстады.