Елордада коммуналдық қызметтер күшейтілген жұмыс режиміне көшті
Бүгін Астанада ауа райының қолайсыздығына байланысты коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жолдардың жүру бөлігі, тротуарлар мен жаяу жүргіншілер аймақтары көктайғаққа қарсы материалдармен өңделіп жатыр, жұмыстар тәулік бойы жүргізілуде, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Қала тұрғындары мен қонақтарына сақтық шараларын сақтауға шақырады: көшеде қозғалған кезде, әсіресе жолдан өту барысында мұқият болу, таймайтын табаны бар аяқ киім кию және мүмкіндігінше алыс жолға шықпау ұсынылады.
Жүргізушілерге көріну деңгейінің төмендеуін және жолдың тайғақ болуын ескеріп, жылдамдық режимін және арақашықтықты сақтау, сондай-ақ, көліктің техникалық жағдайын және шиналардың ауа райына сәйкестігін тексеруге кеңес беріледі.
Төтенше жағдайлар туындаған жағдайда 112 нөмірі арқылы жедел қызметтерге хабарласу қажет.
Астанада қала маңындағы маршруттардың қозғалысы тоқтатылғанын жаздық.