Астанада әйел кәсіпкерлердің үлесі артып келеді
Елордада нәзік жандылар арасында кәсіпкерлердің үлесі артып келеді. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, елордада 205,6 мың жеке кәсіпкер тіркелген. Олардың ішінде әйел басшылардың үлесі 53,6 пайызды, яғни 110,3 мың адамды құрайды. Бұл Астанада әйелдердің кәсіпкерлік белсенділігі жоғары екендігін көрсетеді, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Әйел кәсіпкерлер басқаратын кәсіпорындар негізінен сауда саласында шоғырланған – 44,3 мың нысан. Сонымен қатар, қызмет көрсету саласында 21,2 мың, жылжымайтын мүлікпен операциялар бағытында 11,3 мың кәсіпорын жұмыс істейді.
Әйелдердің үлесі өңдеуші өнеркәсіпте (5,2 мың) және білім беру саласында (4,7 мың) да айтарлықтай.
Бұл көрсеткіштер әйел кәсіпкерлердің қала экономикасының дамуына қосып отырған үлесін және әртүрлі салаларда белсенді қызмет атқарып отырғанын дәлелдейді.
Бұған дейін Астанада жыл басынан бері 7 мың адам өзін-өзі жұмыспен қамтушы статусын рәсімдегенін жаздық.