Астанада жыл басынан бері 7 мың адам өзін-өзі жұмыспен қамтушы статусын рәсімдеді

Астанада жыл басынан бері 7 мың адам өзін-өзі жұмыспен қамтушы статусын рәсімдеді
Фото: Оңалхан Өнерхан

Астанада 2026 жылдың басынан бері 7 мыңнан астам адам өз қызметін ресми түрде тіркеп, өзін-өзі жұмыспен қамтушы статусын алды. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты мәлім етті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға арналған арнайы салық режимі азаматтарды көлеңкелі экономикадан шығарудың тиімді шарасы болып саналады. Бұл режим жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей, кассалық аппаратсыз және салық есебін бермей заңды түрде жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Бұл режимді төмендегі санатты азаматтар пайдалана алады:

• жалдамалы қызметкерлерді қолданбайтындар;

• рұқсат етілген қызмет түрлері тізіміне кіретін іспен айналысатындар (такси, жеке тұрғын үйді жалға беру және т.б.; Қазақстан Үкіметінің 2025 жылғы 21 қарашадағы № 994 қаулысы бойынша);

• ай сайынғы табысы 300 АЕК-тен (1 297 500 теңге) аспайтындар;

• тек әлеуметтік төлемдерді төлейтіндер: табысының 4%-ы, ал зейнеткерлер мен студенттерден әлеуметтік төлем алынбайды.

Барлық есеп айырысу электрондық форматта «e-Salyq Business» мобильді қосымшасы арқылы жүргізіледі.

Бұдан бұрын Үкімет жеңілдетілген салық режимімен жұмыс істейтін кәсіпкерлер тізімін жариялаған еді.