Header Banner

Елордада «Әділет» партиясының кандидаттары Байқоңыр ауданының тұрғындарымен кездесті

Бүгін, 18:54
Думан Аманжол Думан Аманжол
Елордада «Әділет» партиясының кандидаттары Байқоңыр ауданының тұрғындарымен кездесті
Фото: «Әділет» партиясы

«Әділет» партиясының кандидаттары Астананың Байқоңыр ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында тұрғындармен кездесті. Кездесуде тұрғын үй мәселелері, жолдарды жөндеу, медициналық көмектің қолжетімділігі және аға буынның жастар тәрбиесіндегі рөлі туралы сөз болды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Кездесуге № 7 сайлау округі бойынша Астана қаласы мәслихатының депутаттығына кандидат, «Отбасы банк» АҚ Астана қалалық филиалының директоры Жанар Ізімбетова және партиялық тізім бойынша кандидат, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің ректоры Қанат Тіреуов қатысты.

Жанар Ізімбетова күнделікті жұмысы барысында тұрғындармен жиі кездесетінін және отбасылардың баспана мәселесін шешуде қандай қиындықтарға тап болатынын жақсы білетінін айтты. Ол Байқоңыр ауданының тұрғындарына кездесуге келгендері үшін алғыс білдіріп, 29 қарашада өтетін сайлауға қатысуға шақырды.

«Күн сайын тұрғындармен кездесіп, олардың тұрмыста қандай мәселелерге тап болатынын көріп жүрмін. Бүгін сіздермен жүздесіп, сұрақтарыңызға жауап беріп, баталарыңызды алу үшін келдім», — деді Жанар Ізімбетова.

Ардагерлер кеңесінің мүшесі Еділ Тұранов Жанар Ізімбетоваға қолдау білдіріп, № 7 округтің сайлаушыларын оған дауыс беруге шақырды.

«Біз көрмеген жаңалықтарды балаларымыз бен немерелеріміз көреді. Мұның бәрі — жастарымыздың болашағы үшін. Сіздерге ақ батамызды беріп, бастамаларыңызға сәттілік тілейміз. Елімізде бейбітшілік пен келісім орнап, балаларымыз бақытты болып өссін», — деді Еділ Тұранов.

Қанат Тіреуов партияның Астананы 2026–2031 жылдары дамытуға арналған бағдарламасын таныстырды. Ол жолдарды жөндеу, қала инфрақұрылымын жаңарту және медициналық нысандар салу тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететінін атап өтті. Бағдарламада 360 шақырым қала көшесін жөндеу, 90 шақырым жаңа көше салу және 360 ауланы абаттандыру көзделген.

Қанат Тіреуов жастардың кәсіби қалыптасуында аға буынның тәжірибесі маңызды екенін де айтты.

«Біз де еңбек жолымызды шағын қадамдардан бастадық. Әр кезеңнің өз қиындығы да, қуанышы да болды. Жетістікке білім мен табанды еңбектің арқасында жеттік. Осы тәжірибені бірлесе жас ұрпаққа жеткізудің маңызы зор», — деді Қанат Тіреуов.

Астана қаласы мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді.