«Астана Тазалық» тәжірибесі енді Бішкекте қолданылады
«Астана Тазалық» ЖШС енгізіп жатқан цифрлық технологиялар елімізде ғана емес, шетелдіктер тарапынан да үлкен қызығушылыққа ие болып жатыр. Тәжірибе алмасу мақсатында елордаға Қырғыз Республикасының Бішкек қаласынан келген делегация кәсіпорынның жұмысымен және заманауи шешімдерімен танысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz «Астана Тазалық» ЖШС баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұсынылған жүйелердің негізгісі – электронды жол парағы. Бұл – арнайы техниканың жұмысын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беретін тиімді құрал. Жүйе арқылы техниканың қозғалыс бағыттары, орындалған жұмыс көлемі және материалдар шығыны толық қадағаланады.

«Астана Тазалық» ЖШС бас директоры Замир Сағыновтың айтуынша, цифрландыру – кәсіпорын дамуының басты стратегиялық бағыты.
«Қазіргі таңда цифрлық шешімдер тек бақылау құралы емес, тиімді басқарудың негізіне айналды. Олар процестердің ашықтығын арттырып, ресурстарды ұтымды пайдалануға және қалалық инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді ол.
Бүгінде жүйе 393 арнайы техникаға енгізіліп, нақты нәтиже беріп жатыр.
Есептілікті автоматтандырудың арқасында жол парағын рәсімдеу уақыты 10 минуттан 1 минутқа дейін қысқарып, медициналық тексеруде адам факторы жойылып, техниканы желіге шығару қауіпсіздігі артқан.
Ал жанар-жағармай шығынын бақылауда отын деңгейін бақылау датчиктері мен бос жүрісті есепке алу арқылы жыл сайын 10 пайызға дейін үнемделсе, техниканы мақсатсыз пайдалану жойылған.

«Астаналық әріптестермен тәжірибе алмасып жатырмыз. «Астана тазалық» енгізген цифрлық технологиялармен таныстық. Біраз мәліметке қанық болдық. Енді осы жақтағы тәжірибені өзіміздің қалада жүзеге асыру үшін Бішкек қаласының басшылығына ұсынсақ деп отырмыз. Жалпы, Астана мен Бішкектің тазалық жүргізу жағынан ұқсас тұстары да бар екен. Дегенмен Бішкекте қыста Астанадағыдай қар көп мөлшерде жаумайды», – деді Бішкек қаласы «Тазалық» муниципалдық мекеме басшысының орынбасары Бааркан Иманакунова.
Бұған дейін жүйені Алматы қаласының коммуналдық қызмет өкілдері зерделеп, қазіргі таңда енгізу жұмыстары басталған.
«Астана Тазалық» ЖШС-тің мәліметінше, жолдарды күтіп-ұстауға жауапты «ҚажСервис» ЖШС бұл жүйені белсенді түрде енгізуде. Бұдан бөлек, бірқатар облыс әкімдіктерімен және елорданың коммуналдық кәсіпорындарымен келіссөздер жүргізілуде.
Қызметкерлердің қауіпсіздігі де басты назарда екенін айтады мамандар. Кәсіпорында «Med365» және «Adal Check» жүйелері қолданылып, күнделікті медициналық тексерулер онлайн режимде бақыланады.
Сондай-ақ арнайы техника жүргізушісінің жағдайын бақылау жүйесімен жабдықталған. Камералар қауіпсіздік талаптарының сақталуын, маршруттан ауытқуды және шаршау белгілерін анықтап, ықтимал қауіптер туралы жедел ескерту жасайды.
«Астана Тазалық» ЖШС цифрлық шешімдерді енгізуді жалғастыра отырып, коммуналдық инфрақұрылымды басқарудың заманауи әрі тиімді үлгісін көрсетіп келеді.
Бұдан бұрын «Астана Тазалық» машинисінің түнгі ауысымдағы жұмысынан репортаж ұсынған едік.