Астана-1 вокзалының жаңа бөлігін реконструкциялау жұмыстары қашан аяқталады

Астана-1 вокзалының жаңа бөлігін реконструкциялау жұмыстары қашан аяқталады
Фото: Көлік министрлігі

Қайта жаңарту нәтижесінде Астана-1 теміржол вокзалының жалпы аумағы 7 827 шаршы метрден 8 409 шаршы метрге дейін ұлғайтылмақ. Бұл туралы ҚР Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжановтың вокзалды қайта жаңарту жұмыстарымен танысуы кезінде айтылды, деп хабарлады Elordainfo.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Вице-министр Астана әкімдігінің және «ҚТЖ» ҰК» АҚ мен «Қазреставрация» ШЖҚ РМК өкілдерімен бірге қазіргі уақытта негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатқан вокзал кешенінің жаңа бөлігін қарап шықты.

Қайта жаңарту нәтижесінде вокзалдың жалпы аумағын 7 827 шаршы метрден 8 409 шаршы метрге дейін ұлғайту көзделген. Жобада заманауи инженерлік және цифрлық шешімдерді енгізу, жаңа құрылыс технологияларын қолдану, сондай-ақ жолаушылар ағынының өсуін, қауіпсіздік пен жайлылық талаптарын ескере отырып, функционалдық жоспарлауды жаңарту қарастырылған.

Жаңа бөлікті қайта жаңарту кезеңінде жолаушыларға қызмет көрсету үшін пайдаланылып отырған Астана-1 вокзалының ескі бөлігіне ерекше назар аударылды. Вице-министр жұмыс істеп тұрған ғимараттағы жолаушыларға қызмет көрсету жағдайларымен, оның ішінде күту залы, массаж функциясы бар орындықтар, қоғамдық тамақтану нысандары, санитарлық-тұрмыстық үй-жайлар және өзге де сервистік аймақтармен танысты.

Вокзалдың ескі бөлігі тарихи-мәдени мұра нысаны болып саналады. Оны қайта жаңарту тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау саласындағы заңнама талаптарын сақтай отырып, «Қазреставрация» ШЖҚ РМК тарапынан жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта ғимаратта объектінің тарихи келбетін сақтай отырып, оны кейінгі реставрациялауға және қазіргі пайдалану жағдайларына бейімдеуге бағытталған дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Тексеру қорытындысы бойынша вице-министр «ҚТЖ» ҰК» АҚ мен мердігер ұйымға жұмыс кестесін қатаң сақтау, жобаның барлық қатысушысының іс-қимылдарын үйлестіру, сондай-ақ құрылыс-монтаж жұмыстарының уақтылы аяқталуын және объектіні пайдалануға беруді қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Министрліктің мәліметінше, вокзал кешенінің жаңа бөлігі бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарының аяқталуы биылғы қазан айының соңына дейін жоспарланып отыр.

«Астана-1 вокзалын қайта жаңарту теміржол инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылуда және тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтай отырып, өткізу қабілетін арттыруға, жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсартуға, сондай-ақ көлік сервисінің заманауи стандарттарын енгізуге бағытталған», - делінген хабарламада.

Бұған дейін пойызда қандай заттарды алып жүруге болмайтынын жазған едік.