Жыл басынан бері көлік жүргізушілер еліміздегі ақылы автожолдармен 11,5 миллионнан астам рет жүрген, деп хабарлайды Elordainfo.kz «ҚазАвтоЖол» компаниясына сілтеме жасап.
Қазіргі уақытта республикада жалпы ұзындығы 4 883 шақырымды құрайтын 26 ақылы жол учаскесі жұмыс істейді. Оның ішінде 2 231 шақырымды қамтитын 12 учаске – I техникалық санатқа, ал 2 652 шақырым болатын 14 учаске – II және III санаттарға жатады.
Ең жоғары көлік қозғалысы Алматы – Қонаев бағытында тіркелген – 1,75 млн рет. Одан кейін Шымкент – Өзбекстан шекарасы (1,6 млн), Шымкент – Тараз (1,04 млн) және Тараз – Қайнар (857 мың) бағыттары тұр.
Сондай-ақ Астана – Теміртау (513 мың), Астана – Щучинск (463 мың), Алматы – Қорғас (438 мың) бағыттарында да қозғалыс жоғары деңгейде.
Қалған учаскелерде де көлік ағыны тұрақты, бұл ақылы жол инфрақұрылымының сұранысқа ие екенін көрсетеді.