Ақтаулық бухгалтер жүкті әйелдерге жалған төлем рәсімдеуден 146 млн теңге пайда тапқан

Ақтаулық бухгалтер жүкті әйелдерге жалған төлем рәсімдеуден 146 млн теңге пайда тапқан
Фото: freepik.com

Ақтау қаласында жүкті әйелдерді жалған жұмысқа орналастыруға байланысты алаяқтық ісі бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

Істі тергеуді агенттіктің Маңғыстау облысы бойынша департаменті жүргізді. Бухгалтер жүкті әйелдерді қолдауға арналған әлеуметтік төлемді заңсыз алу схемасын ұйымдастырған. Ол Instagram арқылы өзін әлеуметтік төлемді рәсімдейтін маман ретінде таныстырып, жәрдемақы көлемін арттыруға көмектесетінін айтқан.

«Схеманы жүзеге асыру үшін туысы мен таныстарының атына нақты қызмет жүргізбеген бірнеше жеке кәсіпкерлік тіркейді. Электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдаланып, бухгалтер жалған жұмысқа қабылдау туралы бұйрықты, есеп айырысу қағазын, еңбек шарты мен өзге де бухгалтерлік құжаттарды дайындап, заңды еңбек қатынасы бар деген жалған көрініс қалыптастырған», делінген хабарламада.

Осы жалған мәлімет негізінде жүкті әйелдерге жәрдемақы негізсіз жоғары мөлшерде тағайындалған. Кейбір кәсіпкерлер төлем берілген соң бұрын аударылған зейнетақы және әлеуметтік аударымды кері қайтаруды рәсімдеген. 

Нәтижесінде мемлекетке 146 млн теңге көлемінде залал келтірілген. Оған үш бөлмелі пәтер сатып алынған.

Сот үкімімен оған 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Пәтері тәркіленді. Үкім заңды күшіне енді.

Еске салсақ, Украинада қазақстандықтарды алдаған үш call-орталықтың қызметіне тосқауыл қойылды.