«Айқын нәтиже»: Астанада құқықбұзушылықтардың алдын алу тиімділігі артты

«Айқын нәтиже»: Астанада құқықбұзушылықтардың алдын алу тиімділігі артты
Фото: ҚР Бас прокуратурасы

«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында Астана қаласының «Алматы» ауданында құқықбұзушылықтардың алдын алу тиімділігінің төмен болуына себеп болған факторларды жоюға бағытталған «Айқын нәтиже» жобасы аяқталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бас прокуратураның үйлестіруімен екі ай бойы қоғамдық орындардағы қылмыстылыққа қарсы іс-қимыл жасау мақсатында ұйымдастырушылық және практикалық шаралар қабылданды.

Құқықбұзушылықтардың алдын алуда дрондар арқылы қоғамдық тәртіпті қараудан бастап, көшедегі қылмыстарды болжауда жасанды интеллектіні қолдануға дейінгі дәстүрден тыс тәсілдер сыннан өткізілді.

«Аталған кешенді шаралар елорданың «Алматы» ауданындағы криминогендік ахуалға оң әсерін тигізді.

Көшедегі қылмыстар 32%-ға төмендеді, қасақана ауыр, орташа және жеңіл дәрежедегі дене жарақаттарын келтіру деректері тиісінше 50%, 38% және 37%-ға азайды, сондай-ақ ұрлықтар 23%-ға, бұзақылық 100%-ға, адам өлтіру қылмыстары 66%-ға қысқарды.

Нәтижесінде қылмыстардың жалпы ашылу деңгейі 14%-ға артты», - деп жазылған Бас прокуратура хабарламасында.

Пилоттық жобаның қорытындылары Бас прокуратурада өткен кеңесте талқыланып, қадағалау органының басшысы аталған жұмыс моделін бүкіл ел аумағында ауқымдандыруды тапсырды.

Сонымен қатар жобаны тиімді енгізгені үшін Астана қаласының «Алматы» ауданы прокуратурасының, әкімдігінің және полициясының бірқатар қызметкерлері Бас прокурордың бұйрығымен марапатталды.

Бұған дейін адам ұрлап, аса ауыр қылмыс жасады деген күдікті Грузиядан Қазақстанға экстрадицияланғанын жаздық.