Адам ұрлап, аса ауыр қылмыс жасады деген күдікті Грузиядан Қазақстанға экстрадицияланды

Адам ұрлап, аса ауыр қылмыс жасады деген күдікті Грузиядан Қазақстанға экстрадицияланды
Фото: pexels.com

Бас прокуратура мен Интерполдың Ұлттық орталық бюросының қызметкерлері Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің көмегімен ауыр қылмыстарға қатысы бар Ресей азаматын Грузиядан Қазақстанға экстрадициялады, деп хабарлады Elordainfo.kz Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бас прокуратураның мәліметінше, ол 2022 жылы Алматыда азаматтарды ұрлауға және олардың мүлкін күштеп тартып алуға қатысты деген күдікке ілінген.

Қаскүнем үш жылдан аса уақыт бойы жасырынып, халықаралық іздеуде болған.

Биылғы қыркүйек айында ол Грузияда ұсталып, Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды.

Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Айыпталған қылмыстарды жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Бұған дейін Астананың фитнес-залында заңсыз жұмыс істеген 40 жастағы Нигерия азаматы елден шығарылғаны туралы жазған болатынбыз.