40 жастағы Нигерия азаматы Астананың фитнес-залында заңсыз жұмыс істеген

Бүгін, 13:01
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
40 жастағы Нигерия азаматы Астананың фитнес-залында заңсыз жұмыс істеген
фото: Оңалхан Өнерхан

Астанада көші-қон заңнамасын бұзған шетелдік азамат Қазақстан аумағынан шығарылды, деп хабарлады Elordainfo.kz Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Елордада полиция көші-қон заңнамасын бұзу деректерін анықтау және жолын кесу бойынша тұрақты түрде жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл бағыттағы іс-шаралар аясында Қазақстан Республикасының аумағында заңсыз жүрген немесе болу және еңбек қызметі шарттарын бұзған шетелдік азаматтарға қатысты тиісті шаралар қабылдануда.

Атап айтқанда, көші-қон бақылауы барысында Федеративтік Нигерия Республикасының 40 жастағы азаматының көші-қон заңнамасын бұзғаны анықталды. Тексеру нәтижесінде оның елордадағы жеке фитнес-залдардың бірінде тиісті рұқсат құжаттарынсыз заңсыз еңбек қызметін жүзеге асырғаны белгілі болды.

«Аталған құқық бұзушылық үшін шетелдік азаматқа қатысты Қазақстан Республикасының көші-қон саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін тиісті шаралар қабылданды. Сот шешімімен құқық бұзушы ел аумағынан мәжбүрлі түрде шығарылды», - делінген хабарламада. 

Полиция көші-қон заңнамасын бұзғаны және шетелдік азаматтарды заңсыз еңбекке тартқаны үшін айыппұл және ел аумағынан шығару секілді өзге де жауапкершілік шаралары көзделгенін ескертеді.

Еске салайық, бұған дейін елімізде 2030 жылға дейінгі көші-қон саясаты тұжырымдамасының жаңа жобасы әзірленгенін хабарладық.