11 жастағы астаналық оқушы төрт тілде 853 кітап оқыған

11 жастағы астаналық оқушы төрт тілде 853 кітап оқыған
Фото: Астана әкімдігі

Астана қаласындағы №17 мектеп-гимназиясының 6-сынып оқушысы Алтынай Өтеубаева елорда мектептері оқушылары арасында кітап оқудан көш бастап отыр. Он бір жастағы кітапқұмар оқушы осы жасына дейін жалпы 853 кітап оқыған. Бұл көрсеткіш қала мектептері бойынша тіркелген ең жоғары нәтиже болып отыр, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Алтынай мектеп кітапханасындағы барлық кітапты толық оқып шыққан. Бұдан бөлек, оның үйінде жеке үлкен кітапханасы бар. Ата-анасының қолдауымен Англия елінен кітаптарға арнайы тапсырыс беріп алдырады. Бұл оның дүниетанымын кеңейтіп, тілдік қабілеттерін дамытуға зор ықпал етіп отыр.

Мектеп кітапханасының меңгерушісі Шапира Сарсембековнаның айтуынша, Алтынай қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі көркем әдебиеттер мен танымдық шығармаларды еркін оқиды. Сонымен қатар ол француз тіліндегі кітаптарды да меңгеріп жүр. Жалпы алғанда, жас оқырман төрт тілде – қазақ, орыс, ағылшын және француз тілдерінде кітап оқи алады.

Мамандардың пікірінше, мұндай жоғары көрсеткіш оқушының тілдік қорын байытып қана қоймай, ойлау қабілетінің дамуына және академиялық жетістіктерінің артуына оң әсер етеді. Алтынай Өтеубаеваның кітап оқудағы жетістігі – жас оқырмандар үшін үлгі боларлық нәтиже.

Бұдан бұрын Мемлекет Басшысының Ұлттық құрылтайда жариялаған «Кітап оқитын ұлт» тұжырымдамасын іске асыру аясында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен «AMANAT» партиясы өзара Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойғанын жазған едік.