11 халықаралық арна, 5 зертхана әшкереленді: ҰҚК есірткінің заңсыз айналымымен күресті күшейтті
Ұлттық қауіпсіздік комитеті есірткі құралдарының заңсыз айналымымен күресті күшейтті. Жыл басынан бері есірткі жеткізудің 11 халықаралық және 3 өңірлік арнасының жолы кесілді, 5 жасырын зертхананың қызметі залалсыздандырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен өзара іс-қимыл шеңберінде есірткіге қарсы 10 халықаралық операция жүргізілген. Нәтижесінде шамамен 240 кг есірткі тәркіленген. Оның ішінде 3,1 кг героин, 8 кг метамфетамин, 53,5 кг апиын, 74,2 кг гашиш, 80,9 кг марихуана және 19,3 кг психотроптық заттар, сондай-ақ 3 тоннадан астам прекурсорлар бар.
Аталған құқық бұзушылықтарды жасады деген күдікпен 43 ҚР азаматы және 8 шетелдік ұсталды.
«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – делінген хабарламада.
Бұған дейін Ұлытау облысында ірі есірткі жеткізу арнасы жойылғанын жаздық.