10 млн теңге несие берешегі бар елордалықтың көлігі коммуналдық тұраққа қойылды
Астанада «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Борышкер» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Рейд барысында полицейлер жүргізушілерге әкімшілік айыппұлы бойынша берешектері болса соны ескертеді. Сол сияқты алимент, несие және басқа да міндетті төлемдер бойынша қарызы бар көлік иелеріне ерекше назар аударылып отыр.
«Жұмыс жеке сот орындаушылары және Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп жүргізіліп жатыр. Мәселен, 10 миллион теңгеден астам несие берешегі бар Hyundai маркалы автокөліктің жүргізушісі анықталды. Көлік коммуналдық тұраққа қойылып, қарыз толық өтелгеннен кейін иесіне қайтарылады», - деп жазылған хабарламада.
Осыған байланысты полиция мынаны ескертеді: айыппұлдарды төлемеу және міндеттемелерді орындамау мәжбүрлеп өндіріп алу шараларына және өзге де құқықтық салдарға әкеп соғады.
Еске салсақ, бұған дейін елордалық оқушыларға фильм арқылы заң жауапкершілігі түсіндірілгенін жаздық.