Елордалық оқушыларға фильм арқылы заң жауапкершілігі түсіндірілді
Астана қаласындағы №119 жалпы орта білім беретін мектепте «Кітап бетбелгілері емес» атты қысқаметражды фильмнің көрсетілімі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Фильм сюжеті жеңіл табысқа қызығып, заңсыз әрекетке барған жас жігіттің тағдырын арқау етеді.
Көрсетілімнен кейін өткен пікірталас барысында оқушылар фильм кейіпкерінің іс-әрекетіне қатысты көзқарасын білдіріп, осындай жағдайдың алдын алу жолдарын талқылады.

«Бүгін «Кітап бетбелгісі емес» фильмі арқылы жасөспірімдерге теріс әрекеттің салдары қандай болатынын, жауапкершілік пен өз болашағы үшін дұрыс шешім қабылдаудың маңызын көрсеткіміз келеді. Мұндай кездесу профилактикалық жұмыстың бір бөлігі саналады. Біздің мақсатымыз – заңға бағынатын, өмірге құштар, саналы ұрпақ тәрбиелеу», – деді №119 жалпы орта білім беретін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Балжан Серікқызы.

Ал 10 «Б» сынып оқушысы Жәңгір Жақыпжан фильмнен алған әсерімен бөлісті.
«Бұл көріністен әр адамның өз таңдауы бар екенін түсіндім. Ата-анаңды, отбасыңды ойлап, жаман әрекеттен аулақ болу керек. Фильм арқылы есірткінің зияны мен оның салдары қандай болатынын ұқтым. Егер болашақта осындай жағдайға тап болсам, дұрыс жолды таңдап, өзгелерді де жақсылыққа үндеймін», – деді оқушы.

Аталмыш іс-шара жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға және құқықтық мәдениетті нығайтуға бағытталған кешенді профилактикалық жұмыстардың бір бөлігі ретінде ұйымдастырылды. Мамандар мұндай кездесу өскелең ұрпақтың саналы көзқарасын қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.


