Жыл басынан бері 5 мыңға жуық алтын құймасы сатылды

15 мамыр, 2025
Айман Нығмет Айман Нығмет
Жыл басынан бері 5 мыңға жуық алтын құймасы сатылды
фото: Ұлттық банк

ҚР Ұлттық Банкі 2025 жылдың І тоқсан қорытындысы бойынша екінші деңгейлі банктер мен банктік емес жекелеген айырбастау пункттеріне жалпы салмағы 50 кг болатын 4 939 өлшемелі құйма өткізді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Өлшемелі құймалар көп сатылған өңірлердің қатарына Алматы (3 844 дана, 78%), Шымкент (200 дана, 4%) және Жамбыл облысы (180 дана, 4%) кіреді.

Халыққа арналған өлшемелі құймаларды сатып алу және сату Halyk Bank, Еуразиялық банк, Jusan Bank, ЦентрКредит Банкі арқылы, сондай-ақ банктік емес жекелеген айырбастау пункттерінде қолжетімді.

Осылайша, 2025 жылдың I тоқсанында ЕДБ мен банктік емес жекелеген айырбастау пункттері кері сатып алуды ескергенде, халыққа жалпы салмағы 176 кг болатын 11 084 өлшемелі құйма сатты. Бағдарлама іске қосылғалы сатылған құймалардың жалпы саны –233 764, ал олардың жалпы салмағы – 8,1 тонна.

«Халық арасында сұранысқа ие құйманың салмағы – 10 г. Оның жалпы сату көлеміндегі үлесі 26% – 59 936 дана. Одан кейінгісі 5 грамдық құйма, сатылғаны – 51 889 дана (22%), 100 грамдық құймадан – 48 365 дана (21%), 20 грамдықтан – 43 301 дана (18%) және 50 грамдық құймадан – 30 273 дана (13%)», - делінген хабарламада