«Блогерлердің талдап, таразылауға сауаты жете ме»: тележүргізуші Армангүл Тоқтамұратпен сұхбат

«Блогерлердің талдап, таразылауға сауаты жете ме»: тележүргізуші Армангүл Тоқтамұратпен сұхбат
Фото: Instagram/armangul_tv

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің төл мерекесі қарсаңында Elordainfo.kz тілшісі танымал тележүргізуші Армангүл Тоқтамұратпен сұхбаттасты.

Танымал тележурналист бүгінде блогерлік пен журналистиканы қоғамда жиі салыстыратынымен келіспейтінін айтты. Ол журналистің кәсіби маман екенін тілге тиек етіп, блогерлердің аудиториясы ауқымды болғанымен, ақпаратты тексермей тарататынын атап өтті.

«Журналист пен блогерді еш салыстырғым келмейді. Журналист – кәсіби маман. Барлық құзырлы органдармен байланысып, ресми, тексерілген ақпарат тарататын негізгі көз. Ал, блогерлерде мұндай құзыр бар ма? Халық сене ме оларға? Сыртқы саясатты, қорғаныс мәселелерін, экономикалық ахуалды айтуға, талдап-таразылуға сауаты, ресурсы бар ма? Қалай ойлайсыз?», - деді журналист.

Осы салада қызмет етуді армандап жүрген жас мамандарға Армангүл Тоқтамұрат кеңес берді.

«Қазір мүмкін емес нәрсе жоқ. Меніңше, бір адам жасағанды екінші адам да жасай алады. Бастысы – арман, ниет, мақсат, әрекет. Осы төртеудің  арқасында бәрін мүмкін етуге болады. Ал мүмкін емес нәрсе – ол бәріне бірдей ұнау», - деді ол.

Белгілі журналист бос уақытында спортпен шұғылданады.

«Бос уақытымда залға барып, спортпен айналысамын. Табиғат аясында демалғанды ұнатамын. Өмірлік мәні бар фильмдер көремін. Сондай-ақ мен достарыммен кездесіп, қоғамда болып жатқан жағдайларға байланысты пікір алмасамыз. Туыс-туғандарға барып, хал-жағдайын сұрап тұрамын», - деді спикер.

Көпке белгілі журналист кітап дүкендеріне барғанды ұнататынын айтты.

«Жиі кітап оқимын деп өтірік айтпай-ақ қояйын. Себебі уакыт жоқ. Әрине, бұл – сылтау ғой. Үйде әрқайсысы 25-40 беттен ғана оқылған 5-6 кітабым тұр. Бірі – тарихи, бірі – журналистика жайлы, бірі – психологиялық. Бір қызық айтайын, өзімдегі бар кітапты толық оқып бітірмей жатып, дүкендерге барған сайын қызығып тағы кітап сатып ала беретін «жаман» әдетім бар», - деді Армангүл Тоқтамұрат.

Сондай-ақ журналист ақпарат ағысында жүріп, қызымен көп уақыт өткізе алмайтынына қынжылды.

«Қызымды аптаның бес күнінде тек кешке көремін. Ұйықтар алдында  екеуміз әңгімелесеміз. Бірақ сенбі-жексенбі күндерді бірге  уақыт өткізуге тырысамыз. Мысалы, киноға барамыз, паркте серуендейміз, ойыншық дүкендерін аралаймыз», - деді кейіпкеріміз.

Армангүл Тоқтамұрат журналиске ең қажетті қабілеттерді тізіп берді.  

«Ең алдымен, журналист әмбебап болуы керек. Кемі 2-3 тілді білгені жөн. Көп тіл білу – көп мүмкіндік әрі заман талабы. Адам шет тілін жақсы меңгерген кезде ақпараттың үлкен көлеміне қол жеткізеді, сондай-ақ жедел, негізгі дереккөзден ақпарат ала алады. Кез келген ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Түпнұсқаны оқып-саралауға жол ашады. Екіншісі – сауаттылық. Себебі біздің сауатымыз елдің санасына әсер етеді. Қазір жалған ақпараттар белең алды. Көпшілік ақ-қараны ажырата алмайтын тұста біздің басты міндетіміз ақпаратты шынайы, жедел әрі сауатты жеткізу. Журналист болу үшін әдемі жаза білу ғана жеткіліксіз», - деді тележүргізуші.

Армангүл Тоқтамұрат қалам мен қағазды серік еткендер ширақ, ізденімпаз, креативті маман болуы керегін айтты.

«Үшінші, заман өзгерістеріне тез әрі жеңіл бейімделу. Қазір заман көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатыр. Кешегі білімің мен білгенің бүгін жарамай қалып жатыр. Қазір заманауи БАҚ-тың имиджі толық цифрлық технологияларға тәуелді деуге болады. Ақпаратты жинау, өңдеу және ұсынуды тың тетіктермен жасамасаң, аудиторияның сұранысына сай ақпарат жасай алмауың  мүмкін. Барлық дереккөзді қарау, қажетті ақпаратты жылдам табу және оның шынайылығын тексеру, фотоға  түсіріп, видео өңдей алу, қажетті компьютерлік бағдарламаларды пайдалана білу, интернетке жүктеу, жанрына қарай мультимедиалық мәтіндер дайындау сынды дүниелерді әр журналист білуі  – заман талабы. Қазір бәріміздің алдымызда тұрған міндет – ЖИ тілін үйрену», - деді журналист.

Оның сөзінше, шығармашылық тұрғыда еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары ешбір елден кем емес.

«Қоғам тынысының бет алысы, елдің ойы мен пікірі, талап пен тілегіне қарай ақпарат әр елде әртүрлі мазмұнда, мақсатта берілуі мүмкін. Бірақ ТВ саласын алсақ, материалды беру формасы мен форматында айтарлықтай айырмашылық жоқ дер едім. Мәселен ВВС, CNN, Түркияның ТRT арналары беретін тікелей эфирлер, тақырыпқа сай шұғыл сұхбаттар, үлкен іс-шараларды трансляциялау, жарқыраған әрі үлкен студия, оның мүмкіндіктерін пайдалану, видеоны ойнату, түрлі астарлы коллаж жасау, көшпелі студия секілді дүниелерді біздің Ұлттық арна да істеп отыр», - деді ол.

Оның пікірінше, журналистикада жетістікке жету үшін маман әр нәрсеге қызығушылық таныта білуі қажет.

«Әр нәрсеге, құбылысқа, оқиғаға, адамға қызығушылық таныта білсең, бұл журналиске басқа адамдар көрмегенді көруге мүмкіндік береді. Екінші –объективтілік яғни сенімді, тексерілген ақпарат беру. Сыни ойлау да керек. Әр уақытта бір нәрсеге сыни тұрғыдан қарап, күдіктену, күмәндану керек деп ойлаймын. Үшіншісі –  табандылық. Кейін шығармашылық, тәртіп, жауапкершілік.  Бастысы – ерінбей еңбек ету. Себебі еңбек бәрін жеңбек», - деді спикер.

Тележүргізушіге «Бұқаралық ақпарат құралы деген идеология ма, өнер ме әлде бизнес пе?» деген сауал қойған едік.

«Әлбетте,  идеология.  Солай болуы керек те деп ойлаймын. Ақпарат болсын, бағдарлама, шоу, фильм, сериал, тіпті, балаларға арналған мультфильмді тәрбие құралы ретінде пайдалана алуымыз керек.  Елге білімді сіңіріп, құқықтық болсын, қаржылық болсын сауатын ашуға болады. Телевизия, ақпараттық агенттіктер мен радио, газеттер ағартушылық құралы ретінде де өте маңызды», - деді ол.

Әңгіме барысында ол жас журналистердің жұмысы жайлы да өз пікірін білдірді.

«Жастардың амбициясы да, өз айтар ойы мен уәжі бар. Әр нәрсеге өзінің көзқарасы бар. Қазіргі жас әріптестерімнің жұмысы ұнайды. Біздің редакциямызда бірнеше тілді білетін жас журналистер бар. Тек қолдау көрсетемін», - деді журналист.