Су саласын цифрландыру: Қазақстан мен Қытай меморандумға қол қойды

Бүгін, 11:04
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
views37
Су саласын цифрландыру: Қазақстан мен Қытай меморандумға қол қойды
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Қытайдың Power China компаниясы су шаруашылығы саласындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум жасасты, деп хабарлады Elordainfo.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Құжатқа Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров пен Power China International директорлар кеңесінің хатшысы, Еуразиялық өңірлік штабтың вице-президенті Го Цзюньи қол қойды.

Құжат гидротехникалық құрылыстарды жаңғырту және ирригациялық жүйелерді реконструкциялау, бірлескен бағдарламалар арқылы кәсіби кадрларды даярлау және тәжірибе алмасу, су шаруашылығын цифрландыру, инвестициялар тарту, суды үнемдеу және ресурстарды тиімді пайдалану, ғылыми зерттеулер мен техникалық ынтымақтастық, сондай-ақ жерасты суын басқару саласындағы мамандар үшін оқыту және біліктілікті арттыру бағдарламаларын ұйымдастыру сияқты бағыттар бойынша екіжақты ынтымақтастықты дамытуды көздейді.

«ҚХР Сауда министрлігіне, Су шаруашылығы министрлігіне және Power China компаниясына Қазақстанның су саласы мамандарына арналған оқу курстарын ұйымдастырғаны үшін алғысымды білдіргім келеді. Биыл оқуға төрт топ қатысып, барлығы 125 маман біліктілігін арттырды. Қол қойылған меморандум аясында бұл ынтымақтастық жалғасын тауып, алдағы уақытта да су саласы қызметкерлері үшін осындай тренингтер өткізіледі деп үміттенеміз», - деді Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров.

Айта кетейік, келесі жылы Қытайда тағы 200 қазақстандық маман біліктілікті арттыру курстарынан өтеді деп жоспарланып отыр. Барлық шығынды қытайлық тарап өз мойнына алады.