00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Ұландықтар қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп жатыр

14 мамыр, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Ұландықтар қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп жатыр
Фото: ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Бүгінде елдегі су тасқыны жағдайы тұрақталды. Петропавл қаласында және Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданында, сондай-ақ Атырау облысының Құлсары қаласында су басқан үйлер мен аула аумақтарынан су сору жалғасуда, деп хабарлады Elorda.info.

Ұлттық ұланның баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, күн сайын су басқан аумақтарды аэровизуалды тексеру және құрғатылған аумақтарды дезинфекциялау жұмыстары жүргізіледі. Ақтөбе облыс Ырғыз ауданы Кұйылыс және Жайсанбай ауылдарында тұрғызылған бөгеттерді нығайту жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, осы аймақтағы Торғай өзенінің су деңгейіне мониторинг жалғасуда.

Мәселен, Атырау облысындағы жұмыстарға 5546 әскери бөлімінің (Атырау қ.) 8 техникасы мен 160-қа жуық әскери қызметшісі тартылды. Ұландықтар бөгетті инертті материалдармен нығайтуды жалғастыруда. Полктің тағы 125 әскери қызметшісі 6 техниканың көмегімен қоғамдық тәртіпті қорғауды қамтамасыз етеді.

Солтүстік Қазақстан облысындағы іс-шараларға 6637 әскери бөлімінің (Петропавл қ.) және ҚР Ұлттық ұлан академиясының әскери қызметшілері тартылды. Олар 70-тен астам сарбаз бен 4 бірлік техника бөлді. Мұндағы ұландықтар облыс орталығының Подгор ауданында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді және Бескөл кентінде АРС-машинасының көмегімен дезинфекция жүргізеді.

Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында 5517 (Орал қ.) және 6655 (Ақтөбе қ.) әскери бөлімдерінің жеке құрамы патрульдік-бекеттік қызмет атқаруды жалғастыруда.

Су басқан өңірлерде су тасқынына қарсы іс-шаралар басталғаннан бері табиғи апаттың алдын алу және жою үшін 3000-нан астам ұландық жұмылдырылды. Олар 1781 адамды эвакуациялады, ұзындығы 150 км-ден астам жағалауды нығайту жұмыстарын жүргізді, 1,5 миллионнан астам құм толтырылған қапшық дайындады және төседі. Су тасқыны болған жерлерге 160 тоннадан астам гуманитарлық жүк жеткізілді және 2700 тоннаға жуық гуманитарлық көмек түсірілді.