Тұңғыш Президент музейінде қандай жәдігерлер бар
Астанадағы Назарбаев орталығы ғимаратында орналасқан Тұңғыш Президент музейінде Қазақстанның қалыптасу тарихын көрсететін жәдігерлер сақтаулы тұр. Келушілер алғаш рет өткен Президент сайлауына қатысты құжаттар, Орталық сайлау комиссиясының қаулыларын, Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991 жылы жазған жазбаларын, қызметтік куәліктерін, сыйға берілген қару-жарақ топтамасын тамашалай алады. Сондай-ақ музейге мемлекеттік және қоғамдық наградалар, шет мемлекеттер мен үкімет басшылары, халықаралық ұйымдар тарту еткен дипломатиялық сыйлық, кітап басылымдары топтамасы қойылған.
Ауданы 30 мың шаршы метрді құрайтын музейде тарихи жәдігерлер алғашқы үш қабатта тұр. Ғимараттың орталық бөлігі шатырға жалғасқан бірнеше қабатты атриумнан тұрады.
«Экспозиция бірінші қабаттан басталады. Атриумда Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекет басшысы болған уақытта өзге елдердің президенттерімен, үкімет басшыларымен, әлемге танымал саясаткерлермен кездескен сәтінен фотолар ұсынылған. Олардың қатарында БҰҰ Бас хатшысы Бутрос Галимен, Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Премьер-министрі Маргарет Тэтчермен, Америка Құрама Штаттары Президенті Джордж Бушпен түскен фотосуреттер бар. Сондай-ақ атриумның жартысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел ішіндегі кездесулерде түскен фотоларына арналған, - деді Тұңғыш Президент қоры экскурсия қызметінің жетекші сарапшысы Қайыржан Қоңыршин.
Бірінші қабатта атриумның дәл ортасына мемлекеттік ту бейнеленген ерекше композиция қойылған. Бұл сыйды Нұрсұлтан Әбішұлына ел егемендігінің 25 жылдығына америкалық суретші Дэвид Датуно сыйлаған.
«Экспозицияға жақындап қарайтын болсақ, көзілдірік әйнектері, ал оның ар жағында фотосуреттер тұр. Онда Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты әр жылдары түсірілген суреттер топтамасы, мәселен, әз-Наурыз мейрамы, Жеңіс күні, әскери шерулер көрсетілген. Бұл америкалық шебердің сурет салудағы ерекше техникасы. Дэвид Датуно – ұлты грузин. Бірақ 1999 жылы Тбилисиден АҚШ-қа көшіп кеткен», - деді ол.
Музейдің екінші қабатындағы алғашқы кеңістік «Атамекен» деп аталады. Келушілер мұнда экспонаттар, архив құжаттары, фотоматериалдар және бейнематериалдар кешені негізінде Тұңғыш Президенттің ата-бабасы, мектеп және жасөспірім шағы туралы қызықты ақпараттармен танысады.
«Музейге келген жұртшылық 1940 пен 1958 жыл аралығына саяхат жасайды. Өйткені мұнда осы кезеңде қолданылған тігін машиналары, ұршықтар, үтіктер, самаурын және тағы басқалары қойылған. Тұңғыш Президент шежіресі негізінде әсіресе мектеп оқушылары мен шетелдік туристерге 7 ата және оны білудің маңызы туралы айтып береміз», - деді Қайыржан Фазылжанұлы.
Сондай-ақ қонақтар Қаскелең қаласындағы Нұрсұлтан Әбішұлы оқыған Абай атындағы мектептің макетін көре алады.
Залда қазақстандық суретшілердің Тұңғыш Президенттің ата-анасы Әбіш пен Әлжан Назарбаевтар бейнеленген туындылары қойылған. Музейдің екінші және үшінші қабаттары Тұңғыш Президенттің балалық шағы, мектептегі жылдары, еңбек жолының басталуы мен саяси мансап кезеңдерінен сыр шертеді.
«Нұрсұлтан Назарбаев кітап оқығанды және оларды жинағанды ұнатады. Бұл – ол кісінің хоббиі, жеке кітапханасында шамамен 12 мыңнан астам кітап бар. Ерекше атап өтерлігі, Тұңғыш Президент әртүрлі жанрдағы кітаптарды оқиды», - деді музей қызметкері.
Музейге Нұрсұлтан Назарбаевтың әртүрлі маңызды іс-шараларда киген жеке киім топтамасы да қойылған. Олардың арасында өзге мемлекеттердің басшылары сыйға берген киім үлгілері де тұр.
«Ал бір қабырғада шет мемлекеттердің басшылары тарту еткен, сәндік табақтар орналасқан. Көздің жауын алатын әр табақта сол елдің мәдениеті бейнеленген», - деді сарапшы.
Үшінші қабатта шетел президенттері сыйға берген кітаптармен таныса аласыз. Сондай-ақ мұнда Нұрсұлтан Назарбаевқа 1991 мен 2019 жылдар аралығында табыс етілген 50-ден астам медаль тұр.
Жалпы музейге қойылған әр марапаттың өз тарихы бар. Тұңғыш Президентке әр жылдары әлем елдері мен халықаралық ұйымдардың басшылары, атақты шеберлермен кездесуі кезінде ел тұрғындарының атынан биліктің, ерліктің, ізеттіліктің символы ретінде сыйға берілген қарулар коллекциясы қойылған. Көпшілік назарына 30-дан астам қару-жарақ үлгісі ұсынылған.
Қайыржан Фазылжанұлының айтуынша, музейдегі осы дүниелерді тамашалауға көптеген адам келеді екен.
«Күніне 60-70 шақты адам музейді тамашалайды. Олардың қатарында мектеп оқушылары, отандық және шетелдік туристер бар. Ресейден, Германиядан, Қытайдан, Ұлыбританиядан, АҚШ-тан келетіндер бар. Олар әсіресе ұлттық нақышта жасалған заттарға қызығушылық танытады», - деді музей қызметкері.
Мұнда экскурсиялар қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жүргізіледі.
Сонымен қатар музейде елеулі даталарға орай көрмелер мен тақырыптық экскурсиялар ұйымдастырылып тұрады.
Айта кетейік, музей дүйсенбіден бастап жұмаға дейін сағат 10.00-ден 17:30-ға дейін жұмыс істейді. Музейді аралап көру үшін алдын ала жазылу қажет. Байланыс нөмірлері: +7 (7172) 70-83-65, +7 (702) 258-66-08.