Астанадағы Шұбар тұрғын алабына қашан газ тартылады
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Шұбар елді мекенінің тұрғындарымен кездесті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Елді мекен Есіл ауданында орналасқан, онда 5 мыңға тарта адам тұрады. Астана әкімі белсенділермен өзекті мәселелерді талқылап, елді мекенді одан әрі дамыту жоспарын белгіледі.
«Сол жағалаудың ортасында орналасқан елді мекеннің маңызды мәселелерінің бірі – газдандыру. Қазіргі уақытта газдандыру үшін көшелерде тарату желісінің құрылысы жүріп жатыр. Желілердің жартысынан көбі аяқталды. Жеткізуші газ құбырының құрылысын келер жылдың соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бұл Шұбар елді мекенінің тұрғындарына үйлерін газға қосуына мүмкіндік береді, сол сияқты ауданның және жалпы қаланың экологиясына жағымды әсер етеді әрі қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырады», - деп жазды Ж.Қасымбек.
Әкімнің айтуынша, келер жылы сумен жабдықтау желілері мен кәріз желілерін салынады, бұл жоба 2025-2027 жылдары толық іске асырылады.
Сонымен қатар кездесуде жолдарды жөндеу, инженерлік желілер, камералар, бағдаршамдар орнату, абаттандыру, оқу орындарын салу және т.б. мәселелер қозғалды.