Шайн мускат көпшілікті несімен қызықтырды – нутрициолог жауабы
Бүгінгі таңда жұрттың назары «Шайн мускат» жүзіміне ауған. Сүйегі жоқ жапонның жүзімін қазақстандықтар талап алып жатыр. Сәйкесінше оның бағасы да қымбаттап кеткен. Бұл жеміске сұраныстың күрт артуының себебі неде? Оның ағзаға кері әсері бар ма? Импорт жеміс аз уақытта қалай танымал болды? Осы және өзге де маңызды сауалдарға Elordainfo.kz тілшісіне нутрициолог Арайлым Мұратқызы жауап берді.
Халық арасында кеңінен танымал болған жемісті жапон фермерлері ойлап тапқан. Бұл жүзімнің мускат тобына жататын 2 түрін будандастырудан өсірілген. Бүгінгі таңда жемісті Оңтүстік Корея мен Қытай өндіреді.
«Бұл – жасанды мускат сұрыбы. Ол – элиталық сұрып. Жүзім 1988 жылы Жапонияда шығарылған. Ал ол 2006 жылы ресми түрде тіркелді. Бұл не үшін трендке айналды? Себебі көлемі – үлкен, дәні – жоқ, дәмі – тәтті, сыртқы қабығы – жұмсақ. Көпшілікті қызықтырған тұсы да осында болып тұр. Мәселен, қарапайым жүзімде қант мөлшері 12-16% болса, ал шайн мускатта – 18%. Осыдан-ақ оның тәттілігін байқауға болады», - деді маман.
Нутрициолог импорт жемістің аз уақытта танымалдылыққа ие болу себебін айтты.
«Жапонияда сыйлы адамдарға элиталық, қымбат жемістерді сыйлыққа беруге тырысады. Шайн мускат – элиталық жүзімдердің бір түрі. Негізінен ол жақта премиум санатындағы жүзімдер – өте көп. Сыйлық беру, қонақ күту мәдениеті – бізге жат дүние емес. Біздің халық та бар тәттісін қонаққа ұсынып, қолындағы әдемі дүниесін сыйлауға асық. Сол себепті бұл жүзім біздің елде де трендке айналды. Байқасаңыздар, бүгінгі таңда осы жүзім әдемі қорапшаларға салынып, сатылып жатыр», - деді ол.
Одан бөлек, жүзімге сұраныстың күрт артуына әлеуметтік желілер де ықпал еткен.
«Трендке айналуының бір себебіне әлеуметтік желілерді жатқызуға болады. Блогерлерден бастап қарапайым адамдарға дейін жүзім туралы салған видеолар көп қаралым жинаған. Нәтижесінде өнімнің танымалдылығы артқан. Мәселе – осында», - деді ол.
Маманға «Шайн мускат жүзімін күнделікті рационға қосуға кеңес бересіз бе?» деп сауал қойған едік.
«Оның құрамында антиоксиданттар, С және К дәрумендері секілді құнарлы заттар бар. Жүзімнің бағасы да – қымбат. Егер қалтаңыз көтерсе, онда күн сайын сатып алуға болады. Негізінен ол біреуге сыйлыққа беруге арналған. Жалпы кез келген жеміс не азық-түлік болсын балансқа сай желінуі қажет. Бастысы шектен шығуға болмайды. Себебі шамадан тыс желінген кезде жағымсыз факторлар болуы әбден мүмкін», - деді Арайлым Мұратқызы.
Жақында Ауыл шаруашылығы министрлігінің Республикалық өсімдіктер карантині орталығының қызметкерлері карантиндік фитосанитариялық бақылау кезінде жүзім үлгілеріне зертханалық сараптама жүргізді. Карантиндік фитосанитарлық қорытындыға сәйкес шайн мускат жүзімінің құрамынан карантиндік зиянкестер табылмағанын мәлімдеді.
«Шетелден әкелінетін жемістерді рационға қосуды қолдаймын. Біз күнделікті рационды кеңейтуіміз керек. Әлбетте, қалтаңыз көтеріп жатса, импорт жемістерді сатып алыңыз. Ал егер ондай мүмкіндік болмаса отандық жемістер мен көкөністерді рационға қосыңыз. Мақсат – рационды кеңейту», - деп сөзін түйіндеді нутрициолог.
Әлеуметтік желіде хит болған әрі трендке айналған жүзім алғашында келісі 15 мың теңгеден сатылды. Қазіргі кезде оның бағасы шамамен 3 мың теңге тұрады.
Бұл жүзімнің дәмін көру не көрмеу – әркімнің өз қалауы. Бастысы оның сапасына мән беруді ұмытпаған жөн.