Қазақстандық оқушылар халықаралық жаратылыстану-ғылыми олимпиадасына қатысады
Қазақстанның құрама командасы Бухарестте (Румыния) өтетін жасөспірімдер арасындағы XXI халықаралық жаратылыстану-ғылыми олимпиадаға (IJSO) қатысады, деп хабарлады Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Аталған беделді білім беру сайысында әлемнің 60 елінен 360-тан астам оқушы өзара білім бәсекесіне түседі.
Қазақстан командасының құрамы:
- Әділ Жиенбаев – Республикалық физика-математика мектебінің 10-сынып оқушысы (Алматы қ.);
- Мұнар Сағымбай – Республикалық физика-математика мектебінің 10-сынып оқушысы (Алматы қ.);
- Айзере Жеңісханова – химия-биологиялық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы (Өскемен қ.);
- Абдижан Ибраимов – NURORDA мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы (Астана қ.);
- Әлихан Іскендір – «Білім-инновация» дарынды балаларға арналған облыстық лицей-интернатының 9-сынып оқушысы (Ақтөбе облысы);
- Анастасия Пономарева – Республикалық физика-математика мектебінің 9-сынып оқушысы (Астана қ.).
Айта кетейік, IJSO – 2004 жылдан бері өткізіліп келе жатқан 15 жасқа дейінгі оқушыларға арналған халықаралық ғылыми жарыс. Қатысушылар физика, химия және биология бағыттары бойынша білімдерін сынайды. 2023 жылы Бангкок олимпиадасында қазақстандық команданың барлық алты қатысушысы жүлдегер атанды.