00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Ұлттық ұлан оркестрі запастағы әскери қызметшілерді ұлықтады

29 қараша, 2024
Сабина Кәкімжан Сабина Кәкімжан
Ұлттық ұлан оркестрі запастағы әскери қызметшілерді ұлықтады
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Елорданың М.Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында Ұлттық ұланның әскери оркестрі запастағы әскери қызметшілерге арнап концерт қойды, деп хабарлады Elordainfo.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оған әскери оркестрден бөлек, құқықтық тәртіп әскерінің ән-би ансамблі мен өнерпаз оқушылар қатысты.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі, Мемлекеттік күзет қызметі, Ұлттық ұлан және Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметіннің әскери оркестрлерінің ардагерлерін құрметтеу мақсатында ұйымдастырылды.

Концертті тамашалуға келген ІІМ Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Бауыржан Әбжанов ардагерлер алдында сөз сөйлеп, олардың қызметі үшін алғыс білдірді.

«Сіздердің қызметтеріңіз әскери өмірде маңызды рөл атқарады.  Сіздердің шығармаларыңыз жауынгерлерді ерлікке үндейді, ортаны біріктіреді, сонымен қатар партиотизм мен мақтаныш сезімін тудырады.Егемен еліміздің өсіп-өркендеуі, Қарулы Күштеріміздің нығаюы мен дамуы жолында еңбек сіңірген бүгінгі шараға қатысушы ардагерлерге Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы атынан және өз атымнан үлкен алғыс білдіремін. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға береке, шығармашылықтарыңызға толағай табыс тілеймін», -  деді генерал-майор Бауыржан Әбжанов құттықтау сөзінде. 

Сахна төрінде оркестрдің сүйемелдеуімен Ұлттық ұланның Ән-би ансамблінің солистері және ерлер хоры «Есть толька миг», «Мои года – мое богатство», «Как молоды мы были», «Салт дәстүрін сақтаған – біз қазақтың баласы», «Жан досым»,  «Как хочется жить», «Синяя вечность», «Офицер мырзалар» секілді басқа да танымал әндерді орындады. Мың бұралған бишілер залға жиналған көпті тәнті етті.

Бағдарлама барысында запастағы генерал-майор Альберт Маткаримов және 2011-2023 жылдар аралығында Ұлттық ұланның әскери оркестр орталығын басқарған запастағы полковник Асхат Мұхамедияров пен «Қалқан» газеті мен «Бүркіт» журналының қызметшісі запастағы подполковник Алтай Сиырбаев сөз сөйледі. Олар Ұлттық ұлан оркестрінің құрылу тарихы мен оның дирижерлері жайлы естеліктерін бөлісті.

Концерт соңында «Елдің қорғаны» әні шырқалды. Аяқтарынан тік тұрған тыңдарман қауым өнерпаздардан қошеметін аямады. 

Қазақстандағы әскери оркестр тарихы жайлы айтқанда  ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери оркестр қызметінің алғашқы бастығы запастағы полковник Александр Беляков пен бұрынғы Ішкі әскер, қазіргі Ұлттық ұлан әскери оркестрінің негізін қалаушы запастағы полковник Петр Снаговскийді және Мемлекеттік күзет қызметінің Президенттік оркестрінің бірінші басшысы болған запастағы полковник Талғат Бердіғұловтың есімдерін атап өтпеуге болмайды.

Бүгінде Ұлттық ұланның әскери оркестрі халық арасында абыройға ие және олар халықаралық іс-шараларға жиі қатысып тұрады.