Биыл елордада мыңнан астам есірткі қылмысы анықталды
Астанада есірткіге байланысты 1 068 қылмыс тіркелді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 17,5%-ға көп, ал кәмелетке толмағандар 7 қылмыс жасаған. Бұл туралы Коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Астана қаласы прокуратурасының Басқарма прокуроры Нұржан Аблакимов айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Есірткіні сақтау мақсатында жасалған қылмыс саны – 739 (723, 2,2%-ға өсу), ал оларды өткізу мақсатында – 293 (163, 79,8%-ға өсу) қылмыс тіркелді.
Аталған істерді тергеу барысында жалпы 668 кг есірткі тәркіленді, оның ішінде: мефедрон 256 кг, гашиш 82 кг, каннабис 19 кг және кокаин 48 гр.
Жыл басынан бастап қала прокуратурасының үйлестіруімен арнайы жедел іс-шараларды өткізу арқылы 4 есірткі зертхана анықталып, жолдары кесілді. Олар синтетикалық есірткіні (мефедронды) өндірумен және таратумен заңсыз айналысқаны анықталды», - деді прокурор.
Осындай қылмыстардың алдын алу мақсатында қала прокуратурасы есірткі заттардың жарнамасын анықтау үшін қала аумағын аралап, нәтижелері бойынша граффити жазбаларының 50-ден астам фактісін анықтаған.
Бұдан басқа, әлеуметтік желілер мен Telegram мессенджерінің мониторингі барысында, тыйым салынған заттарды сату бойынша 118 жұмыс істеп тұрған сілтемелер мен интернет-арналары анықталып, бұғатталған.
Есірткіні насихаттау, заңсыз жарнамалау фактілері бойынша 24 қылмыстық іс тіркелді.
Жалпы, қала прокуратурасының үйлестіруімен 70 мың оқушыны қамтитын 1 мыңнан астам білім беру мекемелерінде құқық бұзушылық пен нашақорлықтың алдын алу мәселелері туралы іс-шаралар өткізілді.