00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Елордада ақын Ләйлі Құндақбайдың «Сәруар сарын» атты жыр жинағы таныстырылды

Елордада ақын Ләйлі Құндақбайдың «Сәруар сарын» атты жыр жинағы таныстырылды
фото: автордан

Бүгін Қазақстан Жазушылар Одағы Астана филиалы ұйымдастыруымен және Ұлттық академиялық кітапхананың қолдауымен ақын, аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Тұрмағамбеттанушы Ләйлі Құндақбайдың «Сәруар сарын» атты жыр жинағының таныстырылымы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Шығармашылық жиынға Сыр сүлейлерінің жалғасы, жырау, профессор Алмас Алматов, жырау  Қасарбек Кәрібаев, Мәдениет саласының үздігі Майра Сәрсенбаева, жырау Мәриям Кетебаева, Мәдениет саласының үздігі Амандық Бүрлібаев, Дарын Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Күнсұлу Түрікпен, халықаралық конкурстардың лауреаты, жыршы Ұлдана Нұртуған мен жазушының жақындары қатысты.

Әдеби кештің тізгінін қолға алған ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ақын Дәулеткерей Кәпұлы Ләйлі Құндақбайдың шығармашылығына тоқталып, қонақтарға сөз ұсынды. 

«Ләйлінің ақындығымен қоса ғалымдығы да маған қатты ұнайды. Ол әдебиетті өте терең біледі. Зерттеуші болу инемен құдық қазғандай ғой. Жалпы Сыр бойы біздің қазақ халқының генофондын сақтаған. Сондықтан да Ләйліге тек шығармашылық табыс тілеймін»,- деді  «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, жазушы, кинодраматург Айгүл Кемелбаева.

Кеште Қызылорда облыстық филармониясы директорының орынбасары Амандық Бүрлібаев облыс әкімінің құттықтауын жеткізсе, Қармақшы ауданы əкімінің тілегін аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Нұршат Наурызбаева оқып берді.

«Құрметті қонақтар!  Бүгін өте жақсы кеш болды деп айтсам болады. Бүгінгі кештің басты мақсаты - Тұрмағамбет Ізтілеуұлының шығармашылығы туралы айту. Атақты шайырдың қолжазба мұрасына тоқталу болған. Сарыарқаның төрінде оның сөздері естіле берсін деген ниет болды.  
«Сәруар сарын» жинағында біздің сарын емес, ата-бабаларымыздан келе жатқан  сарын десем болады.  Кешегі Қорқыт бабаларымыздан бастау алған ілім және олардың насихаты жазылған. Сондықтан да бұл сарынның  иесі - Сыр елі. Бүгінгі кешке келіп, қолдау білдіріп жатқандарыңыз үшін алғыс білдіремін»,- деді Ләйлі Құндақбай.

Рухани тәлімі мен тағылымы мол кеште жиналған қауым жыршылардың өнеріне куә болды.