Октябрина Жүніс: Мамандығымыздың өзегі – балаларға деген сүйіспеншілік
Астаналық Октябрина Жүніс жуырда «Қазақстан мұғалімі-2024» ұлттық сыйлығының қорытындысы бойынша ең үздік отандық ұстаздардың бірі атанды. Ол 2000-нан аса өз ісінің хас шеберлерінің ішінен суырылып шығып, жеңімпаз ондыққа енді.
Екі жүз жылдық еңбек өтілі бар ұстаздар династиясынан өсіп-жетілген тәжірибелі математика пәні мұғалімінің осы саладағы бұдан басқа да жетістіктері аз емес. Ұстамы жақсы ұстаз Октябрина Жүніс Elordainfo.kz тілшісіне өзінің жүрегіне ұялаған сүйікті ісі туралы айтып берді.
- Октябрина Амангелдіқызы, жақында шоқтығы биік марапатқа ие болдыңыз. Байқаудан алған әсеріңіз қандай?
- Бұл Varkey Foundation бекіткен жаһандық мұғалімдер сыйлығы халықаралық байқауының қазақстандық кезеңі болып саналады. Аталған байқау әлемде сегіз рет өткен болса, елімізде төрт мәрте ұйымдастырылды. Маған «Қазақстан мұғалімі-2024» ұлттық сыйлығына қатысқан республикамыздағы 2200 оқытушының ішінен әуелі елуліктің, содан кейін үздік ондықтың қатарынан көріну бақыты бұйырыпты. Байқауда «Менің жүрегімдегі мектеп» тақырыбында эссе жазу, оның желісінде фильм түсіру керек болды. Онда мұғалімнің академиялық білімі ғана емес, әлеуметтік жобалардағы жетістігі де көрініс табуы шарт болды. Әрі мұның барлығын құжаттармен дәлелдеп, бекіттік.
Байқаудың марапаттау сәті Астанада өткен Еуразия құрлығындағы ең ірі ауқымды халықаралық оқиға – «Нобель фестивалі және мұғалімдер» саммиті аясында болды. Сахнада үздік мұғалімдердің қатарынан көрініп, мінберге шығып сөз сөйлеген кезімдегі әсерімді айтып жеткізу қиын. Мен онда осындай үлкен жетістіктерге жол ашып отырған Отанымыз – Тәуелсіз Қазақстанға шексіз алғысымды білдірдім.
- Байқау шарты бойынша «Менің жүрегімдегі мектеп» тақырыбында жазылған эссенің желісімен түсірілген бейнебаянда жас ұрпаққа білім мен тәрбие берудегі жетістігіңіз ғана емес, қоғамдық жұмыстардың белсенді қатысушысы ретіндегі бастамаларыңыз да әсерлі көрсетіліпті. Тынымсыз мектеп жұмысынан бөлек, әлеуметтік жобаларға атсалысуға күш-жігерді қайдан аласыз?
- Қоғаммен біте қайнасып араласа жүру - бала кезімнен бойымда бар қасиет. Мен ес білгелі туып-өскен үйіміздің ауласында балалардың көшбасшысы болатынмын, түрлі жарыстар, ойындарды ұйымдастыруға келгенде алдыма жан салмайтынмын.
Мектепте, жоғары оқу орындарында комсомол ұйымының төрағасы болдым, ал ауыл шаруашылығы жұмыстарында бригадир қызметін атқардым. Өзім Торғай облысы Жангелдин ауданының тумасымын. Ы.Алтынсарин атындағы Аркалық педагогикалық институтын математика, информатика және есептеу техникасы мұғалімі мамандығы бойынша 1992 жылы тәмамдаған соң, бірден мектепте математика пәнінің мұғалімі және директордың тәрбие жөніндегі орынбасары болып жұмыс істей бастадым. Ал Астанаға келгеніме 25 жылдай болды. Бірақ қайда қызмет етсем де, мектептегі жұмысыммен қатар, әртүрлі қоғамдық істерді де қоса алып жүремін.
Мәселен, елімізде коронавирус пандемиясы басталған кезде шекаралар мен жолдар жабылып, барлық көпшілік орындар жұмысын тоқтатып, мектептер қашықтан оқыту жүйесіне көшкен кезде білімнің сапасын төмендетпеуге үлесімді қосу мақсатында орталық телеарнадан онлайн-сабақ өткізген болатынмын.
Ал волонтерлік бағыттағы бастамаларыма «Неге адамдар өздері бастап қоршаған ортаның өмір сүруге ыңғайлы болуына үлес қоспайды?» деген сұрақ түрткі болды.
Расымен, көшелердегі, кіреберістердегі балшыққа шағымдана бергенше, неге соны өзіміз қолға алмасқа? Сондықтан алғашында көршім екеуіміз үйіміздің кіреберісін, ауланы сыпырып, реттеуге тырыстық.
Ал жаз айында астаналық волонтерлермен бірге көшеде мопедтер, скутерлер мінген балалар мен жасөспірімдер көбейгенін оңтайлы пайдаланып, оларға туберкулез ауруының сақтану жолдарын түсіндіріп, парақшалар тараттық.
Жастармен қоса қаладағы вандализм мәселесін көтердік. Иә, мұның бәріне күш-қуат қажет, бірақ біз өскелең ұрпақты құр сөзбен емес, өзіміз үлгі көрсетіп, нақты мысалдармен тәрбиелеуіміз керек деп есептеймін. Осы орайда бір мысал айтайын.
Бірде біздің жекеменшік үйіміздің ауласындағы итті атып кетті. Қыс айы еді, аяқ киімімізді киіп, сыртқа жүгіріп шыққанымызша, итіміз жоқ, ақ қардағы қанның ізін ғана көрдік. Осыдан кейін қаңғыбас жануарлардың проблемасына аса мән бере бастадым. Аздаған қаражатпен иесіз ит-мысықтарды асырайтын орталықтарға көмегімді көрсетіп жүрдім. Ал қызым осы орыннан қорғансыз бір мысықты асырап алды. Қазір Томмиге үй ішімізбен сүйсініп отырамыз.
Мен бұл мәселені оқушыларыммен де талқыладым, бүгінде бәріміз осындай орталықтардағы қараусыз жануарларға тамақ алып барамыз, қолдан келген басқа да жәрдемімізді көрсетеміз.
Сондай-ақ оқушылар және олардың ата-аналарымен бірлесіп қарттар үйіне барамыз. Бүкіл мектеп болып жинаған сыйлықтар мен түрлі тәттілерді жалғызілікті қарияларға таратып, олардың көңілдерін серпілтіп, қуаныш сыйлауға тырысамыз.
- Сіз математика пәні мұғалімі болсаңыз да, осы пән шеңберінде шектеліп қалмай, гуманитарлық бағыттарға да көп көңіл бөлетініңізді байқадық. Яғни балаға академиялық білім беріп қана қоймай, оның ізгі ниетті, рухы биік, мәдениетті, дүниетанымы кең тұлға болуына да ұстаз ретінде атсалысып отырсыз. Осы үдеден шығу үшін мұғалімге жан-жақты даму қажет екені белгілі. Өзіңіздің осы тұрғыдағы ізденістеріңізбен бөліссеңіз.
- Иә, бұл - тұтас бір философия! Біз, мұғалімдер, адам жанының инженерлері ретінде өзімізді дамыта отырып, баланы да жан-жақты дамытуға көмектесеміз. Сондықтан да үнемі ізденісте жүремін, түрлі кітаптардарды оқимын. Әлеуметтануға, философияға қызығушылық танытамын. «Өз кәсібилігімді қалай жақсартуға болады?», «XX ғасырда туылған жан ретінде XXI ғасырда қалайша сұранысқа ие боламын, қайткенде айналама қызықты боламын?» деген сауалдарға жауап беру үшін материалдар іздеймін. Жақында таныстарым АҚШ мектептерінде тарих пәнінің мұғалімі Дейв Берджестің «Оқыту саяхат сияқты» кітабын оқуды ұсынды. Иә, оқытуда шетелдік мықты әдістерден де хабардар болғанымыз жөн. Бірақ сонымен бірге біз өскелең ұрпаққа жалпыұлттық құндылықтарды сіңіру, ұлт ретінде өз болмысымызды жоғалтпау мәселесін назардан тыс қалдырмауымыз қажет. Бірде мен өз сыныбыма жеті атаны атау туралы тапсырма бердім. Өкініштісі, 37 оқушының тек төртеуі ғана аталған ақпаратпен бөлісе алды. Ал қарап тұрсаңыз, бұл да - өмір философиясы, ұлтымыздың бірегейлігінің көрінісі емес пе?
- 2006 жылы «Астананың жыл мұғалімі» атаныпсыз. 2020-2021 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасын иелендіңіз. Мол тәжірибелі ұстаз ретінде жас мамандарды да кәсібилікке баулитын шығарсыз... Қазір жастардың мұғалім болуға деген құлшынысы бар ма? Мектепте қандай пән оқытушылары жетпейді? Бұған не себеп деп ойлайсыз?
- Менің осы саладағы жалпы еңбек өтілім - 32 жыл. Қазір Астанадағы №71 мектеп-лицейде қызмет етудемін. Елордаға келген жылдары мені №2 мектеп-гимназиясында алғашқылардың бірі болып қарсы алып, ұстаздықтың қыр-сырына баулыған ұстаз Марченко Валентина Васильевна еді. Қазір зейнет жасында, Ресейде тұрады. Дегенмен әлі де байланысымызды үзген жоқпыз. Ал қазіргі уақытта мен де - өз мектебімдегі мамандардың тәлімгерімін. Біз олармен сабақты қалай қызықты етіп өткізуді жоспарлап отырмыз. Сабақта қандай техникалық оқыту құралдарын қолдануға болатыны, жұмыс формалары мен әдістерін әртараптандыруды талқылаймыз.
Қазіргі уақытта мектептерге жас мұғалімдердің жаңа ағымы келді. Бұған мемлекет пен жергілікті биліктің мұғалімнің беделін көтеруге, біліктілігін арттыруға мүмкіндік жасауы, сондай-ақ әлеуметтік жағдайын жақсартып, жалақысын көтеруге ықпал еткені әсер етіп отыр деп ойлаймын.
Десек те маман жетіспеушілігі жоқ деп айта алмаймыз. Мәселен, бүгінгі таңда орыс тілінде оқытатын бастауыш сынып, жаратылыстану-математикалық бағыттағы мұғалімдердің тапшылығы сезіледі, ал математика пәні мұғалімдері түбегейлі жетіспейді.
Мұның себептері ретінде математика пәнінің ең қиын пәндердің бірі болуы, сыныптардың көптігі және ондағы оқушылардың тығыздығын атар едім. Бір қуаныштысы, бүгінде бұл өзекті мәселе қала билігінің жаңа мектептер салуы арқылы шешімін табуда.
- Математиканың қиын пәндердің бірі екенін айттыңыз. Оқушыға бұл пәнді өз деңгейінде игеруге тағы қандай факторлар әсер етеді? Шәкірттеріңіздің үлгерімін жақсарту үшін қандай әдістерді қолданасыз?
- Білім беру сапасына көптеген факторлар әсер етеді. Алдымен, бұл гаджеттер екенін айтар едік. Өйткені ғаламторды ашып қалсаңыз болды, барлық тапсырмалардың шешімі алдыңыздан шыға келеді. Сондықтан балаларда есепті шығарып, шешімін тапсам деген мотивация да әлсірейді. Менің 8-9 сыныптағы оқушыларымның үлгеріміне олардың бастауыш мектепте қашықтан оқуы әсер етті деп айтар едім. Пандемия кезінде телефондар, компьютерлер арқылы жұмыс істеуге тура келді, ал олар бұл кезде бар болғаны 4-сыныпта оқыды. Көптеген негізгі білім игерілмеген күйінде қалды. Оқушылар бесінші сыныпқа келгенде оларда бастауыш мектепте берілетін негізгі білім базасы өте жұтаң болды. Сонымен қатар көптеген шәкірттерде өзін-өзі тәрбиелеу, өзін-өзі ұйымдастыру сияқты ерте бастан сіңірілетін жалпы дағдылары ақсап жатты.
Бұл олқылықтардың орнын толтыру үшін, өз басым, пән негіздерін үйретуде оқушыларға қызықты болуы үшін жаңа платформаларды, қосымшаларды қолданамын. Кабинеттегі интерактивті тақтаны пайдалана отырып, балалардың қабілеттеріне қарай сараланған тапсырмалар, түрлі ойындар ойнатамын.
Мен ғалым Тимур Ғалиевпен бірге жүйелік тәсіл технологиясы бойынша 8-сыныптар үшін карточкалық бақылауды құрастырушылардың бірімін.
Алгебра, геометрия, математика пәндері бойынша оқыту- әдістемелік кешені комиссиясы сарапшыларының құрамында жұмыс істеймін.
Сондай-ақ сабақтарымда ерекше білім беру қажет оқушылармен жұмыс істеймін, инклюзивті білім беруге арналған әдістемелік материалды әзірлеумен айналысамын.
Жалпы, баланың математикаға деген ынтасын ашу үшін бірінші кезекте ата-аналар мен мұғалімдердің ынтымақтастығы қажет. Кез келген оқушыны үйретуге болады деп есептеймін, бұл үшін ұйымдаса әрекет ету керек.
-Ендеше, оқыту мен тәрбиеде жақсы жетістікке жету үшін мұғалімге баламен қоян-қолтық жұмыс істей алу маңызды дейсіз ғой.
-Иә, ең алдымен, біздің мамандығымыздың ең бір өзегі - балаларға деген сүйіспеншілік. Одан соң мұғалімнің үздіксіз кәсіби өсуі ғой. Айналамен үздіксіз қарым-қатынас, жаңару мен жаңа шыңдарға ұмтылу - ұстазды үлкен жетістіктерге жетелейтін осылар!
-Сұхбатыңызға үлкен рақмет!