ІІМ қазан айы басталғалы 54 есірткі қылмысын анықтады

10 қазан, 2024
Олжас Сүлейменов Олжас Сүлейменов
views455
ІІМ қазан айы басталғалы 54 есірткі қылмысын анықтады
Фото: Оңалхан Өнерхан

Ішкі істер министрлігі есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресті белсенді түрде жалғастырып келеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Қазан айының басынан бастап ел бойынша 54 есірткі қылмысы анықталды. Олардың ішінде есірткі сатудың 29 фактісі, аса ірі мөлшерде сақтаудың жеті фактісі, үш контрабанда фактісі және құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсірудің жеті фактісі бар.

Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 250 келіден асады. Бұған 214 кг марихуана, 5 кг гашиш және 31 кг синтетикалық есірткі кіреді», – деді департамент бастығы – ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.

Алматы облысында есірткі зертханасы жойылды. 35 жастағы ер адам ұсталып, одан 300 грамнан астам мефедрон және 36 кг прекурсор табылды.

Екібастұзда да синтетикалық есірткі өндіретін зертхана жойылды. Екі жергілікті тұрғын курьерлерді тарта отырып, есірткіні интернет арқылы сатуды жоспарлаған.

Елордада есірткіні жарнамалайтын QR-кодтары бар стикерлерді жапсырумен айналысқан 27 жастағы әйел ұсталды.

Ақмола облысында есірткіні өз үйінде және жалға алынған жертөледе сақтаған 54 жастағы ер адам құрықталды. Одан 34 кг марихуана және 2 кг гашиш тәркіленді.

Атырауда 38 жастағы ер адам мен 28 жастағы әйел ұсталды. Олардан синтетикалық есірткі салынған 81 орам табылды.

Қостанай облысында 25 синтетика орамы бар 16 жастағы студент ұсталды.

«ІІМ бұл бағыттағы жұмысты жалғастыруда», – деді ІІМ ресми өкілі.