Елімізде мемлекеттік сатып алу мерзімі қысқартылды

3 маусым, 2025
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Елімізде мемлекеттік сатып алу мерзімі қысқартылды
Фото: primeminister.kz

Үкімет отырысында қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл мемлекеттік сатып алу мерзімдерін қысқарту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Бұған дейін конкурс өткізуге және сатып алу жеңімпазын анықтауға шамамен 2 ай уақыт кететін, деп хабарлады Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Премьер-министр Олжас Бектенов бұл бағыттағы оң серпінді атап өтті.

«Жыл басынан бері біз конкурстардың мерзімдерін едәуір қысқарттық. Маған баяндалғандай, қазіргі таңда конкурстар бір аптаның ішінде өтіп жатыр. Бұл расында да солай ма?»

Вице-министр жаңа заңнама аясында мерзімдер 10 күннен 5 күнге дейін қысқартылғанын баяндады.

«Жаңа заңға сәйкес және Сіздің тапсырмаңыз бойынша біз қағидаларда мерзімдерді қысқарттық. Рейтингтік баллдық жүйе бойынша мердігер бес күнде таңдалынып алынады. Ал конкурс бойынша мердігер он күнде анықталады. Біз мерзімдерді қысқартумен қоса, процестерді оңтайландырдық және автоматтандыру процестерін қосып жатырмыз», - деді ол.

Премьер-министр мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.