Елімізде асфальтбетон стандарты жаңартылды


2025 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда асфальтбетон қоспаларының сапасына қойылатын жаңартылған талаптар күшіне енеді, деп хабарлады Elordainfo.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Өзгерістер ҚР СТ 1225-2019 «Жол, әуежай асфальтбетон қоспалары және асфальтбетон. Техникалық шарттар» ұлттық стандартына енгізілді. Бұл жаңартулар жол инфрақұрылымының төзімділігін арттыруға және пайдалану кезіндегі тәуекелдерді азайтуға бағытталған.
Жаңартылған стандартты «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» (ҚазжолҒЗИ) мамандары әзірледі. Өзгерістер жүргізілген зертханалық сынақтар мен ғылыми зерттеулер негізінде Институт ғалымдары мен мамандарының қатысуымен, жолдардың нақты пайдалану жағдайлары мен халықаралық талаптар ескеріле отырып жүзеге асырылды.
Стандарттан ресми түрде қайта қалыптастырылған асфальтбетон сынамаларының сумен қанығу көрсеткіші алынып тасталды.
«Бұл шешім зертханалық зерттеулердің нәтижесіне негізделген. Зерттеулер көрсеткендей, асфальтбетон сынамаларын қайта қалыптастыру кезінде материал құрылымына әсер ететін ірі шағыл тастың қарқынды үгілуі байқалады, стандартты тығыздау кезінде бұл көрсеткіш 18%-ға дейін жетуі мүмкін. Мұндай жағдай сынақ нәтижелерінің және сумен қанығу көрсеткішінің бұрмалануына әсер етуі мүмкін», – деп мәлімдеді «ҚазжолҒЗИ».
Стандартты жаңарту сапаны бақылаудың объективті жүйесіне көшу және жол құрылысын тиімді етудің маңызды қадамы болып саналады. Бұл мердігерлер мен өндірушілер үшін келесі мүмкіндіктерді береді: нақты жағдайларға бейімделген заманауи бақылау әдістерін енгізу; сынақтардың бұрмалану қаупін азайту; техникалық талаптардың түсініктілігі мен болжамдылығы; жол жамылғысының сенімділігін арттыру есебінен шығындарды азайту.
Сонымен қатар стандарт келесі қосымша өзгерістерді қамтыды: қоспаны төсеу температуралық режимін қайта қарау; тығыздау коэффициенті бойынша нақтылау; тас материалдың битуммен ілінісуіне қойылатын талаптарды нақтылау; қоспаларды әуеайлақтарда, қалалық көшелерде және өнеркәсіптік нысандарда қолдану аясын кеңейту.
Мамандардың айтуынша, мұндай нормативтерді әзірлеу мен қайта қарау үшін міндетті түрде бейінді ғылыми институттардың қатысуы, аспаптық сынақтар мен кешенді зерттеулер қажет. Осындай тәсіл халықаралық талаптарға сәйкестікті қамтамасыз етіп қана қоймай, Қазақстандағы нақты климаттық және пайдалану жағдайларын да толық ескеруге мүмкіндік береді.
Жаңартылған стандарт «Ғимараттар мен құрылыстардың, құрылыс материалдары мен бұйымдарының қауіпсіздігі туралы» ҚР техникалық регламентімен (ҚР ТР №435, 2023 жылғы 9 маусым) үйлестірілген. Бұл – автожол саласындағы нормативтік базаны жетілдіру бойынша жүйелі жұмыстың бір бөлігі.