Елде суды есепке алудың бірыңғай жүйесі құрылады

Бүгін, 11:35
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Елде суды есепке алудың бірыңғай жүйесі құрылады
Фото: Freepik.com

Бүгін  су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов су ресурстарын басқару саласындағы цифрландыру шаралары туралы айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оның айтуынша, жаңа цифрлық шешімдерді енгізу басым бағыттардың бірі болып отыр. 2025 жылдың басынан бастап министрлік Еуразия даму банкінің
Цифрлық бастамалар қорының гранты есебінен Ұлттық су ресурстары ақпараттық жүйесін әзірлеу жүргізілуде. Платформа спутниктер мен гидропосттардан бастап статистика мен есепке алу құралдарына дейінгі әртүрлі көздерден алынған деректерді біріктіріп, елдің су қорын басқарудың бірыңғай цифрлық кеңістігін жасайды.

Екіншіден, суармалы желілер мен су ресурстарын есепке алуды автоматтандыру бағытында жұмыс жүргізілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ұзындығы 3,5 мың шақырымнан астам суару инфрақұрылымын жаңғырту және цифрландыру мақсатында каналдарды кезең кезеңімен автоматтандыру басталды.

Сонымен қатар Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы және Жетісу облыстарында жалпы ұзындығы 5 мың км-ден астам суару желілерін цифрландыруға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. 2027 жылға дейін су есептеу жүйелерін толық цифрландыру, сондай-ақ автоматтандырылған гидрожапқыштар енгізу жоспарлануда.

Айта кетейік, цифрландыру жобаларын әзірлеу барысында басым бағыт отандық өндірушілердің заманауи технологиялық шешімдері мен жабдықтарына назар аударылады.

Барлық цифрлық үдерістерді үйлестіру үшін су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы құрылды. Оның міндеттері – деректерді жинау және талдау, платформаларды сүйемелдеу және саладағы цифрлық қызметтерді дамыту.