Бурабайда квадроциклмен жүруге тыйым салынды

Бурабайда квадроциклмен жүруге тыйым салынды
фото: freepik.com

Бұл туралы «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Ауыл шаруашылығы министрінің 2010 жылғы 1 қыркүйектегі №555 бұйрығымен бекітілген «Жеке тұлғалардың ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда болу қағидаларына» сәйкес, Бурабай көлінің мұз бетінде квадроциклмен жүруге тыйым салынғанын хабарлайды.«Бурабай» МҰТП дирекциясы Ұлттық парк аумағында бизнестің мұндай түрін жүргізуге рұқсат берілмегенін еске салады. Суқоймалардың маңында «Көлге кіруге тыйым салынады» ақпараттық тақталар орнатылған»,- деп жазылған хабарламада.

Күн сайын ұлттық парктің инспекторлық құрамы Бурабай аудандық полиция бөлімінің өкілдерімен бірлесіп, табиғат қорғау заңнамасының бұзылуына жол бермеу үшін рейд жүргізеді. 

«Биыл 1 қаңтар мен 5 ақпан аралығында жалпы қолданыстағы жолдан Бурабай көлінің мұзайдынына квадроциклдер шығып кетуіне байланысты 8 факті тіркелді. Көлік құралдары тәркіленіп, иелеріне әкімшілік айыппұл салынды», - делінген хабарламада. 

«Бурабай» парк ұжымы ұлттық саябаққа келушілерден табиғатқа жанашырлық танытуды, ықтиятпен қарауды сұрайды.