Биыл елордада 345 есірткі қылмысы тіркелді
Бұл туралы Астана қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Әлия Қибатқызы брифингте мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«2024 жылдың 10 айында 345 есірткі қылмысы тіркелді, оның ішінде 244-і өткізу фактісі. Заңсыз айналымнан 333 кг 478 гр түрлі есірткі құралдары тәркіленді. Есірткі орталығына тарту факторларын төмендету мақсатында біз есірткі сатуды анықтауға, оның ішінде интернет-ресурстар арқылы байланыссыз жолмен анықтауға баса назар аударамыз», - деді Әлия Қибатқызы.
Есірткі құралдары мен психотроптық заттардың таралуы туралы ақпаратты қамтитын контентті анықтау үшін интернет кеңістігінің мониторингі үнемі жүзеге асырылады, есепті кезеңде бұғаттауға 197 сайт жіберілді.
«Есірткіні жарнамалайтын граффити суреттерін жою жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта Smart Astana қосымшасында «Есірткіге жол жоқ!» тармағы бар, ол жерде қала тұрғындары заңсыз есірткі айналымына қатысты фактілерді анықтаса, ақпарат жібере алады. Есірткіні насихаттау фактілері бойынша 21 қылмыстық іс қозғалды, 5 адам УҰИ қамауға қамалды», - деді ол.
Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша 77 тармақтан тұратын нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар әзірленіп, қабылданды.
Елордада «Астана – есірткісіз қала» 2024-2025 жылдарға арналған бағдарламасы (92 тармақ) іске асырылуда, оған мемлекеттік органдар мен жұртшылық барынша тартылған, есірткіге қарсы іс-шаралардың тұтас кешені әзірленген.