Жыл соңына дейін 23 өрт сөндіру депосы салынады

Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Үкімет отырысында төтенше жағдайларға жедел ден қоюды арттыру шараларын қабылдау жұмыстары туралы баяндады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ол төтенше жағдайларға мониторинг жүргізіп отыру үшін жасанды интеллект арқылы талдау және геоақпараттық жүйелер енгізілгенін атап өтті.
Еліміздің барлық аймақтарында өрт сөндіру деполары мен құтқару станцияларын салу және оларды жаңарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Осы кезеңде 25 өрт сөндіру депосы мен құтқару стансасы салынып, 196 нысан қайта жаңғыртылды. Жыл соңына дейін тағы 23 өрт сөндіру бөлімінің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.
«Төтенше жағдайлар кезінде халыққа кешенді көмек көрсету үшін өрт сөндірушілерден, құтқарушылар мен дәрігерлерден тұратын әмбебап бөлімшелер құрылды. Осындай 5 бөлімше Аршалы, Макинск, Майтөбе, Аққулы және Қарқаралы елді мекендерінде жұмыс істеп жатыр. Аталған жоба еліміздің барлық өңірлерінде кезең-кезеңімен іске қосылатын болады», - деді Шыңғыс Әрінов.



