Биыл 13 мың шақырым жол жөндеу мен реконструкциядан өтеді


Бұл туралы бүгін Үкіметтің баспасөз конференциясында Олжас Бектенов айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Биыл бүкіл республика бойынша 13 мың шақырым жолды жөндеуден және реконструкциядан өткіземіз. Ол – өте ауқымды жұмыс. Жаңа жолдар салынып жатыр. Мысалы, Жезқазған-Қарағанды, Жезқазған-Петропавл. Өздеріңіз білетіндей, жақында Мемлекет басшысы Орталықтан батысқа қарай автожол дәлізін салу жөнінде үлкен тапсырма берді. Осыдан тура 1 ай бұрын Астанадан Ырғызға қарай жолды салу жұмыстарды бастадық. Бұл Торғай өңірі және Арқалық қаласының дамуына өте үлкен серпін беретін жоба. Сондай-ақ Жезқазғаннан Петропавлға баратын жол да Арқалық қаласынан өтеді. Ол – бизнестің дамуына, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға үлкен мүмкіндік беретін жоба. Сондықтан біз осы жұмысты жалғастырамыз. Өздеріңіз білетіндей, жеріміз кең-байтақ. Жолды салу үшін қомақты қаржы және инвестиция керек. Мысалы, Еуропалық елдерді айтатын болсақ, олардың территориялары ондай емес. Сондықтан инфрақұрылымға да, ондай ауқымды шығындар жұмсалмайды. Ал бізде осындай кең байтақ жеріміз болғаннан кейін ірі инвестициялар керек. Бірақ біз кезең-кезеңмен оны іске асырамыз», - деді Олжас Бектенов.



