Балық өсіру көлемін 270 мың тоннаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр – сенатор

15 мамыр, 2025
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Балық өсіру көлемін 270 мың тоннаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр – сенатор
Фото: primeminister.kz

Бүгінде Қазақстанда жан басына шаққанда балықты тұтыну нормасы жылына 4 кг құрап отыр. Бұл туралы сенатор Арман Өтеғұлов айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Президент тапсырмаларын жүзеге асырып, саланы дамыту үшін Үкімет Балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын қабылдады. Аталған бағдарламаға сәйкес, балық өсіру көлемін 2030 жылға дейін жылына 270 мың тоннаға дейін ұлғайту, балық өнімдерін ішкі тұтынуды 134 мың тоннаға арттыру және балық ресурстарының табиғи популяциясын 7%-ға жеткізу жоспарланып отыр», - деді сенатор.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сәйкес, бір адам бір жылдың ішінде кем дегенде 16 кг балық өнімін тұтынғаны жөн.

«Бүгінде Қазақстанда жан басына шаққанда балықты тұтыну нормасы жылына 4 кг құрап отыр. Ал көршілес Ресей мен Қытай елдерінде бұл көрсеткіш 20 кг-нан асып отыр. Жоғарыда аталған бағдарламада жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізуге және балық тұтыну нормасын арттыруға барлық мүмкіндігіміз бар. Бізде халықаралық және республикалық маңызы бар 20, жергілікті маңызы бар 3 мыңға жуық су айдандарында аквашаруашылықты дамытуға болады. Каспий теңізін есептемегенде су айдындарының жалпы ауданы шамамен 5 млн гектарды құрайды», - деді депутат.

Былтыр еліміздің табиғи су айдындарында 45 мың тоннаға жуық балық ауланды. Балық өсірушілер 24 мың тоннадан астам балық өсірді. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 28%-ға көп.

«Норвегия, Қытай, Вьетнам және Чили – аквашаруашылық саласында көш бастап тұрған елдер. Бұдан басқа көршілес Өзбекстан мен Қырғызстан елдерінде де балық шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Мысалы, Өзбекстан Республикасы 2023 жылы 740 мың долларға балық экспорттаған. Ал Қазақстан  2024 жылы 24 мың тонна балық өнімдерін экспорттады. Оның жалпы құны бар-жоғы 75 мың АҚШ долларын құраған», - деді Сенат депутаты.