«Қазсушар» филиалдары 300-ден астам жаңа техника алды

6 мамыр, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
«Қазсушар» филиалдары 300-ден астам жаңа техника алды
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігінен

Су ресурстары және ирригация министрлігі «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнын жалпы саны 757 техникамен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жұмыс бес кезеңмен жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда алғашқы төрт кезең бойынша 636 техника жеткізуге келісімшарттар жасалды.

Келісімшарттарға сәйкес, техникалар Қазақстанның 14 облысындағы «Қазсушардың» 17 филиалына жеткізіледі. Соңғы кезең бойынша конкурс рәсімдері өткізіліп жатыр.

«Филиалдарды жаңа техникамен жабдықтау су нысандарын тазалау және гидротехникалық құрылыстарды қайта жаңарту жұмыстарын жедел жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл тасқын суына қарсы шаралардың тиімділігін арттырады», – деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов.