Қазақстандықтар Құрбан айтта қанша күн демалады


Биыл мұсылман күнтізбесі бойынша атап өтілетін Құрбан айт 6 маусым, яғни, жұма күнге түсіп тұр, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, Құрбан айттың бірінші күні және 7 қаңтар - православиелік Рождество күні демалыс болып есептеледі.
Осылайша, биыл аптасына 5 күн жұмыс істейтіндер - 6, 7 және 8 маусым күндері демалады.
Ал аптасына 6 күн жұмыс істейтіндер – 6 және 8 маусым күндері демалады. Ал 7 маусым күні – жұмыс күні.
Құрбан айттың алғашқы таңында еліміздің барлық мешітінде Айт намазы оқылады. Намаздан кейін имамдар құрбандық шалудың маңызы мен рухани тазалық туралы уағыздар айтады.
Бұл күндері жағдайы жететін мұсылмандар құрбандық шалады. Көбінесе қой, кейде сиыр немесе түйе шалынады. Құрбандыққа шалынатын малдың дені сау, яғни шариғат талаптарына сай болуы шарт. Оның еті үшке бөлінеді. Құрбан шалушы еттің бір бөлігін мұқтаж жандарға, тағы бір бөлігін өз туған-туысына немесе көршісіне береді. Қалған бөлігін өз отбасына қалдырады.



