Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникасы құрастырылады

10 сәуір, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникасы құрастырылады
Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігінен

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Bauer Group компаниясының президенті Отто Ройспен кездесті. Кездесу барысында Отто Ройс Қазақстан аумағында ірі жобаны жүзеге асыру жоспары туралы мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Аталған жоба заманауи ауыл шаруашылығы техникасын, соның ішінде су үнемдейтін жабдықтарды жергілікті жерде құрастыру мен өндіруге бағытталады.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жыл сайынғы суармалы жер көлемін 150 мың гектарға дейін ұлғайту шаралары қабылданып жатыр. Осы мақсатта біз суармалы егіншілікке арналған заманауи технологияларды енгізуге мүдделіміз», - деді Айдарбек Сапаров.

Министр сондай-ақ Bauer Group сияқты халықаралық компаниялармен ынтымақтастық Қазақстандағы тиімді әрі тұрақты ауыл шаруашылығын дамыту үшін аса маңызды екенін атап өтті.

Өз кезегінде Отто Ройс жобаның толық дайын екенін айтты.

«Біз өңірді нақты анықтаған бойда құрылыс-монтаж жұмыстарын бастаймыз. Биылдың өзінде бірнеше түрдегі жаңбырлатып суару техникаларын өндіріске қосуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар су тазарту, көңді өңдеу жабдықтарын шығару да жоспарда бар», - деді Bauer Group президенті.

Айдарбек Сапаров министрліктің жобаны жүзеге асыруға белсенді қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізіп, өндірісті сәтті іске қосу үшін Жол картасын әзірлеуді ұсынды.