Қазақстанда қала сыртындағы жол апаттарының саны азайды

Бүгін, 13:37
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Қазақстанда қала сыртындағы жол апаттарының саны азайды
Фото: polisia.kz

Қазақстанның қала сыртындағы жолдарында апаттылықтың төмендеуі байқалады. 2025 жылдың басынан бері бұл жолдарда жол-көлік оқиғаларының саны 8%-ға азайды. Сонымен бірге жол апаттарында зардап шеккендердің де саны төмендеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

Бұған Ішкі істер министрлігінің жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қабылдаған шаралары ықпал етті.

Негізгі шаралардың бірі жолдардың қауіпті учаскелерінде жүріс бөлігін уақытша тарылту тәсілі болды. Жолдың мұндай бөліктерінде автокөлік жүргізушілері инстинктивті түрде жылдамдықты азайтады.

Аталған әдіс бірқатар шет елде өзінің тиімділігін көрсетіп, бүгінде Қазақстанда сәтті қолданылуда.

«Жолды тарылту тәсілі Астана – Қарағанды, Астана – Павлодар, Алматы – Бішкек, Самара – Шымкент, Ақтөбе – Астрахан сияқты және басқа бағыттарды қоса алғанда республикалық трассалардың 26 учаскесінде жүзеге асырылуда.

Онда патрульдік экипаждар жұмыс істейді. Полицейлер жүргізушілерді жылдамдық режимін сақтауға, жолда мұқият болуға шақырады. Мақсат – жазалау емес, жол апаттарының алдын алу.

Еліміздің жеті өңірінде ұшу құрылғыларының көмегімен әуеден патрульдеу жүргізіледі. Соның нәтижесінде үш мыңнан астам құқықбұзушылықтың жолы кесілді», - делінген хабарламада.

Автожолдарда бұзушылықтарды тіркеудің 500-ге жуық кешені жұмыс істейді, оның ішінде 100-і жасырын режимде.

Қозғалыс қарқынды учаскелерде орташа жылдамдықты бақылау енгізілді. Қазіргі уақытта 1 900 шақырым қамтылса, жақын арада тағы мың шақырым қосылады.

Жол жүрісі қағидаларын қасақана бұзушылармен белсенді күрес жүргізілуде. Ол үшін «Қорғау» арнайы ақпараттық жүйесі қолданылады.

Сонымен қатар қала ішінде және трассаларда тәулік бойы жол қозғалысы ережелерін бұзуды тіркейтін автоматты камералар желісі белсенді дамып келеді.