Қазақстан мен Ұлыбритания әскери ынтымақтастық мәселесін талқылады

Бүгін, 09:45
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Қазақстан мен Ұлыбритания әскери ынтымақтастық мәселесін талқылады
Фото: Қорғаныс министрлігінен

Астанада мемлекеттік министр, лорд Вернон Коакердің басшылығымен Ұлыбританияның әскери делегациясы Қазақстанның Қорғаныс министрлігіне келді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Қазақстан Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаевтың лорд Вернон Коакермен келіссөздерінде екіжақты әскери ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, бітімгерлік, тілдік дайындық және әскери-техникалық ынтымақтастық саласындағы ведомстволардың өзара іс-әрекеті төңірегінде сөз болды.

Бір күн бұрын Алматыда Ұлыбритания делегациясы Қорғаныс министрлігінің Бітімгерлік операциялар орталығына барды. Мекемеде шетелдік қонақтарға арнап брифинг ұйымдастырылды.

Келушілер БӘКОТ (Британдық әскери консультативтік және оқу тобы) курсының тыңдаушыларымен кездесті. Оқу курсын аяқтаған әскери қызметшілерге сертификаттар тапсыру рәсімі өтті.

Британдық тарап жыл сайын қазақстандық бітімгерлерге ағылшын тілін және ҚР Ұлттық қорғаныс университеті мен Бітімгерлік дайындық орталығының лингвист-оқытушылары үшін біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыратынын айта кеткен жөн. Ұлыбритания қорғаныс ведомствосының «Бітімгерлерге арналған ағылшын тілі» жобасы аясында 2020 жылдан 2025 жылға дейін ҚР Қарулы күштерінің 300-ден астам әскери қызметшісі оқудан өтті.