Астаналық ТЖД өрт қауіпсіздігі бойынша жұмыстарды күшейтті


Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті өрттің қауіпті кезеңі басталғанға дейін, яғни 15 сәуірден 15 қарашаға дейінгі аралықта, қала аумағында табиғи өрттердің алдын алу және олардың туындау қаупін азайту бағытындағы жұмыстарды күшейтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Бұл туралы Астана қаласының Коммуникациялар алаңында өткен брифингте Астана қаласы ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Әділ Әлібиұлы Братаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, бүгінде өрт қаупін азайтуға арналған іс-шаралар жоспары бекітіліп, іске асырылып жатыр. Жоспарға қала ішінде және шет аймақтарда өрттердің алдын алуға бағытталған профилактикалық және ұйымдастырушылық шаралар кешені енгізілген.
Терек мамығының жану жағдайлары өзекті мәселе
Аталған кезеңде терек мамығының жану жағдайлары өзекті болып табылады. Спикердің айтуынша, уақытылы тазалау және су себу шараларының қабылданбауы терек мамығының тұтануына, әрі қарай жалынның ғимараттар мен құрылыстарға таралуына әкелуі мүмкін.
«Теректердің мол гүлдену кезеңінде ПИК, ОСИ, сондай-ақ жеке және мемлекеттік ұйымдарға аула аумақтарын және терек мамығы жиналатын басқа да орындарды тазалау, жинау және су себу жұмыстарын жүргізуді ұсынамыз», – деді Астана қаласы ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Әділ Братаев.
Құрғақ өсімдіктер мен рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері – ерекше бақылауда
Өрт қаупін арттыратын тағы бір фактор – құрғақ өсімдіктер мен рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері. Әсіресе жасыл белдеу аумағы мен қала шетінде бұл жағдай жиі кездеседі. Өткен жылдардағы тәжірибе көрсеткендей, табиғи өрттердің көбі дәл осы жерлерден басталады.
2024 жылы жүргізілген өртке қарсы науқан аясында 1 220 гектардан астам қамыс пен құрғақ өсімдік шабылып, өрт саны 2023 жылмен салыстырғанда 76%-ға (275 жағдайдан 66-ға дейін) азайған. Биылғы жылы 46,5 гектар жер өңделіп, жұмыс жалғасуда.
«Былтырғы тәжірибе көрсеткендей, шөпті дер кезінде шабу – алдын алудың ең тиімді әдістерінің бірі. Сонымен қатар рұқсатсыз қоқыс үйінділерін де үнемі жойып отыру қажет», – деді Әділ Братаев.
Айыппұлдар, рейдтер және ақпараттық жұмыс
Бақылауды күшейту аясында ТЖД қызметкерлері полициямен бірге от жағуға тыйым салу бойынша рейдтік іс-шаралар өткізуде. Рейдтік іс-шаралар барысында өрт қауіпсіздігі ережелерінің 3 бұзушылық фактісі анықталып, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 336-бабы бойынша 471 840 теңге көлемінде айыппұл салынған.
Бұған қоса, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да күшейтілуде: әлеуметтік желілерде 87 жарияланым, жасыл белдеу аумағында 25 ескерту тақтайшасы мен 2 баннер орнатылған.
Жауапкершілік – тек қызметтерге емес, әр тұрғынға жүктеледі
Тұрғындарды өрттің алдын алуға бағытталған сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырамыз. Себебі биылғы өрт қаупі жоғары кезең аясында елімізде ауқымды республикалық және халықаралық іс-шаралар жоспарланған. Атап айтқанда, Жеңістің 80 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралар, Құрылтай отырысы және әлемдік деңгейдегі әртістердің қатысуымен өтетін концерттер өткізіледі. Сондықтан әр азаматтың қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауы – тек өзінің ғана емес, бүкіл қоғамның тыныштығына қосқан үлесі екенін ескеруіміз қажет.
«Аталған іс-шаралардың маңыздылығы мен оларға азаматтар мен шетелдік қонақтардың ерекше назар аударатынын ескере отырып, кез келген өрт немесе жану оқиғасы қоғамда жағымсыз пікір қалыптастырып, елорда мен жалпы еліміздің имиджіне кері әсерін тигізуі мүмкін», – деп атап өтті Әділ Братаев.
От жақпаңыз, қоқыс өртемеңіз, аумақты құрғақ өсімдіктер мен терек мамығынан уақтылы тазартыңыз. От шыққанын байқасаңыз, дереу 112 нөміріне хабарласыңыз.