Астана әуежайында жөндеу жұмыстары кезінде рейстердің кестесі өзгереді

20 маусым, 2025
Айман Нығмет Айман Нығмет
Астана әуежайында жөндеу жұмыстары кезінде рейстердің кестесі өзгереді
фото: Оңалхан Өнерхан

2025 жылғы 1 қыркүйек пен 31 қазан аралығында Астана халықаралық әуежайында ұшу-қону жолағына жоспарлы түрде ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізіледі, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Әуежайдың баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл кезеңде рейстердің кестесіне айтарлықтай өзгерістер енгізіледі.

Атап айтқанда, 1–4 қыркүйек және 8 қыркүйек–31 қазан аралығында күн сайын сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін ұшу-қону жолағы уақытша жабылады. Осы уақыт ішінде әуе кемелерін қабылдау және жөнелту тоқтатылып, кейбір рейстердің уақыт өзгеруі, кешігуі немесе бағыттардың уақытша тоқтатылуы мүмкін.

Ал 5, 6 және 7 қыркүйекте ұшу-қону жолағы қалыпты режімде жұмыс істейді, сондықтан бұл күндердегі рейстер белгіленген кесте бойынша орындалады.

Әуежай әкімшілігі жолаушылардан сапарларын алдын ала жоспарлауды және әуе компанияларының жаңартылған рейс кестесімен міндетті түрде танысып отыруды сұрайды. Жөндеу жұмыстары ұшу қауіпсіздігін арттыру және аэродром инфрақұрылымын жақсарту мақсатында қолға алынған.

Сонымен қатар, Таяу Шығыстағы геосаяси жағдайдың ушығуына байланысты Wizz Air Abu Dhabi әуе компаниясы Астана – Әбу-Даби бағыты бойынша тұрақты рейстерін тоқтату туралы шешім қабылдады.

Компания бұл бағытқа билет сатып алған жолаушыларға Алматы арқылы балама бағытпен ұшуды немесе билеттің толық құнын қайтарып алуды ұсынуда. Қайтару рәсімі бойынша нақты ақпарат алу үшін жолаушылар әуе компаниясының ресми қолдау қызметіне жүгінуі қажет.